Қазақстан мен Өзбекстан «Орталық Азия» ХӨКО құруды жеделдету жөніндегі жол картасына қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтерінің басшылары Әлихан Смайылов пен Абдулла Ариповтың төрағалығымен, екі елдің орталық мемлекеттік органдарының басшылары және іскер топ өкілдері қатысқан Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысы өтті.
ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, Орталық Азиядағы барлық сауданың шамамен 80%-ы Қазақстан мен Өзбекстанның үлесіне тиесілі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты тереңдетудің, оның ішінде АӨК және тамақ өнеркәсібі саласындағы өзара сауданы кеңейтудің, сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясын одан әрі дамытудың елеулі перспективалары бар. Бұл ретте «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылысының маңызы зор.
Сонымен қатар сауда қатынастарын одан әрі кеңейту транзиттік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды талап етеді.
«Біз Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытын дамытуға мүдделіміз. Бірқатар ірі теміржол жобасы осы бағыттағы өткізу қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында “Дарбаза – Мақтарал”, Алматы маңындағы айналма жол және “Достық” стансасын дамыту желілері бар», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ол сондай-ақ экология және суды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды екенін, өйткені бұл мәселелер екі ел халқының тыныс-тіршілігіне тікелей әсер ететінін айтты.
«Біз екі тараптың мүдделерін ескере отырып, су шаруашылығы саласындағы өзара ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастырамыз деп үміттенеміз», — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Өз кезегінде Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов қазақ-өзбек қарым-қатынастары стратегиялық серіктестік пен одақтастық қағидаттары негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 1 200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Ал 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 6 есе аз болған.
«Экономикалық әріптестікті тереңдетудің басым бағыты – өндірістік кооперацияны дамыту. Ташкентте өткен Мемлекет басшыларының келіссөздері нәтижесінде біз бірлесе отырып, барлық міндетті, соның ішінде құны $10 млрд болатын нақты жобаларды жүзеге асыруды қамтитын Жол картасын бірлесе қабылдадық», — деді Абдулла Арипов.
Іс-шара барысында қатысушылар сауда, өнеркәсіп, көлік, энергетика, ауыл және су шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін қарастырды.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері жүргізіп жатқан жұмыс іскерлік қатынастарды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
«Бүгін қол жеткізілген уағдаластықтар нақты жүзеге асып, екі ел арасындағы cан қырлы байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», — деді Үкімет басшысы.
Одан кейін екіжақты құжаттарға, оның ішінде Үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысының хаттамасына, оның аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітуге, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құруды жеделдету жөніндегі жол картасы, Еңбекші-мигранттардың еңбек қызметі мен құқықтарын қорғау саласындағы практикалық іс-қимылдардың бірлескен жоспарына қол қою рәсімі өтті.