Президент тарихи тығыз байланыстар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың мызғымас іргетасы екенін еске салды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Екіжақты қарым-қатынасымыздың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілуіне, құрметті Шавкат Миромонович, Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Қазақстан ең жақын көрші әрі одақтас ел ретінде Сіздің парасатты басшылығыңызбен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістерді толық қолдайды. Өзіңіз белгілеген стратегиялық бағдар арқылы халқыңыздың әл-ауқаты ұдайы жақсарып, ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар іске асырылуда. Бұл жетекші қаржы институттарының рейтингінде оң бағаланып, еліңіздің халықаралық аренадағы беделі артып келеді. Сіздің ұлттық мүддені көздейтін дәйекті саясатыңыз Өзбекстанның, сондай-ақ тұтас аймақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда жаңа Конституция қабылдануына байланысты Өзбекстан көшбасшысының құттықтау жолдағанына алғыс айтты. Президент осы тарихи оқиға кезінде шет мемлекеттер басшылары арасынан Шавкат Мирзиёев алғашқы болып құттықтағанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің «Таза ауа» бастамасына қолдау білдіріп, бұл жоба Қазақстанның ірі қалалары үшін де өзекті екеніне тоқталды.
Сіздің таза ауаға қатысты бастамаңызды құптаймын. Ташкенттегі экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіруіңізді түсінемін. Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, «Таза ауа» бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз. Президенттер ұйытқы болған бұл жобаны үкіметтеріміз жүзеге асырады. Жұртшылық пен халықаралық қоғамдастық мұны қуаттайды деп санаймын. Шын мәнінде, бұл бастама аясында көп іс атқаруға болады. Осы арқылы жергілікті билік пен кәсіпкерлер экологияны қорғауда, табиғатты аялауда жауапкершілік жүгін жете сезінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.