Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Орталық Азия халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа 2023 жылы 9 қарашада Ташкентте қол қойылған.
Заң жобасын Мәжілісте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.
Орталық өнеркәсіптік кооперация, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық кешені ретінде жұмыс істейтін болады. Оның міндеттері – мемлекетаралық кооперативтік қатынастарды дамытуға қолайлы жағдай жасау, тараптардың шағын және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарын халықаралық құн тізбегіне біріктіру, орталық аумағында құрылған өнеркәсіптік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқалар, - деді ол.
Халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығы әрқайсысы 500 шаршы метр аумақты алатын, өз мемлекетінің құзырында болатын қазақстандық және өзбекстандық бөліктерден тұратын болады. Қазақстандық бөлігін басқару Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне, ал өзбек бөлігі Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, индустрия және сауда министрлігіне жүктелді.
Нысанның орналасқан жері «Атамекен» (Қазақстан) және «Гүлістан» (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттері маңындағы елдердің шекаралас аймақтары болып анықталды. Олар орталықтың бір бөлігінен екінші бөлігіне өтетін адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды шекаралық, кедендік және басқа да бақылау түрлерін жүргізу үшін пайдаланылады. Орталық аумағында шаруашылық субъектілері өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыра алады.
Келісімді ратификациялау елдердің өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуге, инвестиция тартуға және сауда-экономикалық қатынастарды жақсартуға ықпал етеді.