Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Конгратбай Шәріповпен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында жоғары білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті аспектілері бойынша пікір алмасу өтті.
Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындары арасында тікелей қол қойылған қолданыстағы шарттар шеңберінде өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігі аталып өтті. Қазіргі уақытта олардың саны 471 шарт құрайды.
Кездесу барысында Б. Атамқұлов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жоғары білім деңгейін арттыру және еліміз үшін сапалы жас кадрларды даярлау мақсатында Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыттарын атап өтті.
Осы тұрғыда ҚР Елшісі Қазақстанда жастарды қолдау және білім беру сапасын арттыру мәселелері бойынша жүзеге асырылып жатқан реформалар мен қайта құрулардың Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің реформаларымен ұқсастығына назар аударды.
Мемлекет басшыларының 2022 жылғы тапсырмаларын орындау, сондай-ақ 2023 жылы қол қойылған үкіметаралық келісімді іске асыру шеңберінде Шыршық қаласында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалын ашу және Алматы қаласында Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалын ашу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстары қаралды.