Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстер саны 2,5 есеге артты

4 Наурыз 2023, 09:27
1050
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстер саны 2,5 есеге артты
Фото: Forum Daily New York

Астана – Ташкент бағыттары бойынша рұқсат етілген рейстер санын аптасына 12–ден 36 рейске дейін ұлғайту туралы келісім жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысының бағыттар желісін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2023 жылғы 2 наурызда Ташкент қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның авиациялық билік органдарының келіссөздері өтті.

Қазақстан Республикасының делегациясын ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Өзбекстан Республикасының делегациясын Көлік министрінің орынбасары Жасүрбек Хориев басқарды.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы рейстер саны 2,5 есеге артты

Келіссөздер барысында тараптар рейстер санын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту мәселелерін талқылады.

Тараптар Астана – Ташкент бағыттары бойынша рұқсат етілген рейстер санын аптасына 12–ден 36 рейске дейін (өсім 80%) және Алматы-Ташкент бағыттары бойынша аптасына 20-дан 36 рейске дейін (өсім 200%), ал қалған бағыттар бойынша аптасына 4 рейске дейін екі еседен астам ұлғайтуға уағдаласты, - делінген ведомство хабарламасында.

Осылайша, қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде ағымдағы жылдың көктемгі-жазғы кезеңінен бастап "Эйр Астана" және "Uzbekistan Airways" әуе компаниялары Алматы – Ташкент бағыты бойынша жиіліктер санын аптасына 14–тен 20 рейске дейін және Астана-Ташкент бағыты бойынша аптасына 6-дан 12 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, бәсекелестікті және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ авиабилеттердің құнын төмендету мақсатында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы барлық шарттық бағыттар бойынша әуе тасымалдаушыларды бірнеше рет тағайындау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар, қазақстандық әуе тасымалдаушылар Самарқанд, Ферғана, Бұхара және Қарши қалаларына тікелей тұрақты рейстер ашуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, тараптар ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар өңірлік авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы