Астанада Корея Республикасының елшілігі мен Friends of Korea ұйымдастыруымен фестиваль өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл фестиваль қазақ және корей мәдениетін жақсы көретін қонақтардың басын қосып, достық пен мәдени мұраны бөлісу мерекесіне айналды.
Корея Республикасының Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Шин Гю Хо мәдени алмасудың дамуын атап өтіп, Friends of Korea ұйымына алғысын білдірді.
Фестивальдің бағдарламасында корей мәдениеті мен тарихы бойынша білім жарыстарынан бастап, Random Dance-ке дейін болды. Яғни қатысушылар корей орындаушыларының әндеріне биледі. Ең белсенді және білімді қатысушылар естелік сыйлықтар алды. Сонымен қатар K-pop әндерін білу және корей әртістері мен актерлерін фотосуреттер бойынша тану конкурстары өтті.
Музыкалық-би бөлімінде би топтары мен вокалистер өнер көрсетті. Жарқын қойылымдардың ішінде Move On және Norang топтарының би перфоманстары, Пак Анастасияның "Туған жер" ұлттық әнін орындауы, сондай-ақ M.O.V.E. тобының "Ateez - Deja Vu" әніне жасалған кавер ерекше назар аударды. Әрбір өнер көрермендерді өнер әлеміне жетелейтін ерекше қуатқа толы болды, - делінген Корея елшілігінің хабарламасында.
Friends of Korea Festival — бұл Корея Республикасының елшілігімен бірлесіп еріктілер тобы ұйымдастыратын жыл сайынғы іс-шара. Оның мақсаты — елдер арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығын көрсету және бұл алмасудың адамдарды қалай жақындастыратынын дәлелдеу. Қатысушылардың Кореяның мәдениеті, тарихы мен дәстүрлері туралы сұрақтарға оңай жауап беруі екі ел арасындағы достықтың тек саяси деңгейде ғана емес, халықтар арасында да өркендеп жатқанын көрсетеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан мен Оңтүстік Корея дипломатиялық қарым-қатынасты 1992 жылы орнатқан.
Биыл 11-13 маусымда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Екі мемлекет басшылары Астана қаласында келіссөздер жүргізіп, бірлескен мәлімдемеге қол қойған еді.