Қазақстан мен Малайзия пандемия салдарынан екі жылдан бері үзіліп қалған тұрақты әуе рейстерін қалпына келтіру үшін келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Малайзия 2022 жылы әлемнің барлық түкпірінен 9,2 миллион турист қабылдауға дайын екенін айтты.
Малайзия арнайы делегациясының осы сапарында мегаполисте «Малайзия нағыз Азия» семинары аясында Business-to-Business іскерлік кездесулері өтіп, екі елдің туристік индустриясының мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты тұсаукесерлер өтті.
Сонымен қатар биыл Қазақстан мен Малайзияның дипломатиялық қарым-қатынастарының басталғанына да 30 жыл толып отыр. Осы аралықта екі елдің сауда-саттығы жолға қойылды деуге болады. Мәселен, 2021 жылы жалпы сауда айналымы 98,59 АҚШ долларын құраса, биыл, яғни 2022 жылдың жеті айында бұл сома 58,82 АҚШ долларына жеткен.
Қазақстан – біз үшін Орталық Азиядағы маңызды ел. Бұл аймақ туристік өнімдер мен қызметтер тұрғысынан қарағанда, біз күткеннен де бөлек көп мүмкіндік ұсына да, қабылдай да алады. 2019 жылы, COVID-19 пандемиясына дейін біз Қазақстаннан Малайзияға демалуға келген 18 138 турист қабылдадық, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,9%-ға көп. Сол сияқты, Малайзия халал туризмі бойынша Қазақстаннан келген туристер үшін танымал бағыттардың бірі болды, - деді БАҚ өкілдерімен кездесу барысында Малайзияның Қазақстандағы елшісі Дато Саид Мохамад Бакри Бин Саид Абдул Рахман.
Egemen.kz-тің мәліметінше, Малайзия карантин немесе COVID-19 тестілеу талаптарынсыз толық вакцинацияланған саяхатшыларға кіру шараларын жеңілдетті. Оған қоса туристік сақтандыру да Малайзияға келетін шетелдіктер үшін міндетті талап емес.