Сеулде ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев пен Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрі Санг Ву Пак арасында кездесу өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар көлік инфрақұрылымы саласындағы екіжақты ынтымақтастық, сондай-ақ көлік бағыттарын дамыту бойынша бірқатар жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға тікелей әуе рейстерін көбейту мәселесі көтерілді. Қазір екі ел арасында аптасына 14 жолаушы және 6 жүк рейсі бар. Рейстер Астана мен Алматыдан орындалады. Енді Шымкенттен Оңтүстік Кореяға тікелей әуе рейсін ашу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Корея тарапы елімізде автожол құрылысы жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Естеріңізге сала кетсек, қазір Оңтүстік Кореяның Dongsung Engineering және ISAN Corporation компаниялары "Алматы-Астана" тас жолының құрылыс сапасын қадағалауда.
Көлік министрі Марат Қарабаев Оңтүстік Кореяның Жер, инфрақұрылым және көлік министрі бастаған делегациясын кез келген қолайлы уақытта Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды. Бұл сапар аясында Urban air mobility (UAM), яғни қалалық әуе ұтқырлығы тұжырымдамасын енгізу бойынша тәжірибе алмасу көзделіп отыр.
Қалалық әуе ұтқырлығы тұжырымдамасы дегеніміз қауіпсіз әрі тиімді әуе көлігі жүйесін және басқа да авиациялық технологияларды қолдана отыра адамдардың, тауарлар мен өнімдердің ірі қалалар мен облыстар арасында, тіпті қаланың ішінде де қозғалысын трансформациялау.
Тұжырымдама алдымен жаңа Alatau City қаласында сынақтан өтеді деп күтілуде. Жоба Аlatau City-ді инновациялық хаб ретінде дамытуды қолдай отырып, қазақстандық және кореялық инвесторларды тартуға мүмкіндік бермек. Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында Hyundai Motor Group сияқты оңтүстік кореялық жетекші компаниялармен ынтымақтастық орнату жоспарлануда.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея көлік ведомстволарының басшылары көлік-логистика және өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдірді. Бұл елдер арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.