«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Қазақстан-Испания арасындағы сауда айналымы шамамен 2,5 млрд еуроны құрайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол Қазақстан-Испания іскерлік кеңесінің VII отырысында мәлімдеді.
Отырысқа Қазақстаннан 150-ге жуық компания және Испаниядан 35-ке жуық компания қатысты.
Мұндай іс-шаралар қазақстандық бизнес пен Испаниядан келген кәсіпкерлердің өзара терең қарым-қатынас орнатуы үшін қажет. Осы кезеңде екі ел арасындағы өзара сауда айналымы шамамен 2,5 млрд еуроны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42%-ға өскен. Яғни, біз Испаниямен сауда және инвестициялық қарым-қатынасымызды үнемі арттырып отырамыз. Кеңес аясында біз бірқатар келіссөз жүргіземіз, соның ішінде су тазарту құрылыстары бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы және су ресурстарын басқару саласындағы, сондай-ақ машина жасау саласындағы кооперациямызды дамыту бойынша, - деді Қанат Шарлапаев.
Айтуынша, Еуропалық Одақ - экономикалық өзара іс-қимыл тұрғысынан Қазақстанның ең ірі серіктестерінің бірі. Ал Испания - осы ынтымақтастық шеңберіндегі ең маңызды серіктестердің бірі.
Стратегиялық кооперация бойынша екінші келісімге Испаниямен қол қойылды. Біздің бизнес қарым-қатынасымызды құруды жалғастыратын жеткілікті терең іргетасымыз бар деп санаймыз. Испаниялық компаниялар біздің негізгі технологиялық серіктестеріміз, ең алдымен жабдықты жеткізу бөлігінде. Біз дәл осы ынтымақтастықты нығайту бағытында келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл мен тізімдеген негізгі үш салада болады, - деп түсіндірді «Бәйтерек» басшысы.