Тегеран қаласында Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-шы отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Иран ауыл шаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахттың тең төрағалығымен өткен шараға екі ел министрліктері мен мемлекеттік кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Үкіметаралық комиссия отырысында тараптар сауда, ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және басқа да салалардағы мемлекетаралық қатынастардың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
Серік Жұманғарин екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын үш миллиардтық межеге жеткізу міндетін қойғанын еске салды.
Осы тапсырманы орындаудың алғашқы қадамы Өзара тауар айналымын $3 млрд-қа жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою болады. Құжат экспорттаушы кәсіпорындарды бірнеше бағытта қолдауды көздейді: өзара сауда көлемін ұлғайту, сауда-саттықтағы шектеулерді алып тастау, екіжақты клиринг механизмін енгізу және т.б., — деді вице-премьер.
Ол сондай-ақ қазақстандық компаниялар Иран нарығына шикізаттық емес тауарлардың үздіксіз экспортын жолға қоюға мүдделі екенін айтты.
Өндірушілер ирандық тұтынушыларға жалпы сомасы шамамен $250 млн болатын 75 тауар позициясы бойынша өнім жеткізуге дайын.
Сонымен қатар отырыс барысында Серік Жұманғарин ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Иран арасында еркін сауда туралы толыққанды келісім жасасуда елдердің қол жеткізген жетістіктеріне оң баға берді.
Иранның ауыл шаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахттың айтуынша, ирандық кәсіпорындар Қазақстанға балық және сүт өнімдері, бал, жемістер мен көкөністер, кептірілген жемістер және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізуді ұйымдастыра алады. Сондай-ақ ирандық тарап қазақстандық инвестицияға қызығушылық танытты. Тегеран Қазақстаннан келген инвесторларға Иранның еркін экономикалық аймақтарында бизнес жүргізу үшін ерекше жағдайлар жасауға дайын.
Оған қоса Үкіметаралық комиссия аясында көлік-логистикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерін дамыту қаралды. Каспий торабы бұл бағыттағы негізгі буынға айналуы мүмкін.
Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Тегеранға жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инвестиция, тау-кен және металлургия өнеркәсібі, өнеркәсіп және көлік салаларындағы жетекші ирандық кәсіпкерлермен кездесті.
Пленарлық отырыс соңында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Иранның ауыл шаруашылығы министрі Мохаммад Али Никбахт Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы 19-шы бірлескен үкіметаралық комиссияның хаттамасына және Тауар айналымын $3 млрд-қа дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Сонымен қатар үкіметаралық комиссияның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және метрология салаларындағы құжаттарға қол қойылды:
Қазақстан мен Иранның Ауыл шаруашылығы министрліктері арасындағы ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Қазақстан стандарттау және метрология институты мен Иранның Ұлттық стандарттау ұйымы Ұлттық метрология орталығы арасындағы метрология саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Тегеранға жұмыс сапары барысында Қазақстанның вице-премьері Иранның ауыл шаруашылығы, ТКШ, инвестициялар, ТМК, өнеркәсіп және көлік саласындағы көшбасшы бизнесмендерімен кездесті.