Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарлары айналымы бір жылда 25%-ға өсті

Кеше, 17:56
230
Бөлісу:
Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарлары айналымы бір жылда 25%-ға өсті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Арефпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Келіссөздер барысында тараптар Иран Ислам Республикасының өткен жылғы желтоқсан айында Еуразиялық экономикалық одақта байқаушы мәртебесін алуы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша дамуына ықпал ететінін атап өтті. Иран – Қазақстанның Каспий аймағындағы тату көршісі. Өткен жылдың 11 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 8,1%-ға артып, шамамен $300 млн-ға жетті. Қазақстан тарапы жалпы құны $132 млн-нан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. 

Атап айтқанда, биыл елімізде 26 млн тоннадан астам астық жиналды. Отандық экспорттаушылар бидай, арпа және майлы дақылдарды қоса алғанда, астық өнімдеріне деген Иран нарығы сұранысын қанағаттандыруға дайын. Жалпы, өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарының айналымы 25%-ға артып, $186 млн-ға жетті.

"Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізі шеңберінде жүк тасымалдау көлемін арттыру, транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту және инфрақұрылымды дамыту мақсатында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан (Ақтау, Құрық) және Иран (Анзали, Амирабад) порттары терминалдарын жаңғыртудың келешегі мәселелері қаралды.

Біздің басты мақсатымыз – екі мемлекет басшылары айқындаған міндеттерді толығымен жүзеге асыру және Қазақстан-Иран ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеру. Біздің сауда-экономикалық әріптестігіміздің әлеуеті жоғары, оны одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Өзара құрмет пен достық аясында өтіп жатқан бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті екі елдің байланысына тоқталды.

Мемлекеттеріміз географиялық және аумақтық жағынан байланысып жатыр. Елдеріміздің көшбасшылары арасында сындарлы саяси диалог орнатылды. Екі мемлекет басшылары үкіметтер алдына екіжақты сауда көлемін $3 млрд-қа дейін арттыру міндетін қойды. Біз өз тарапымыздан екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылауға дайынбыз, - деді Мохаммад-Реза Ареф.

Өзгелердің жаңалығы