Қазақстан мен Францияның жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ынтымақтастығы талқыланды

16 Қаңтар 2024, 18:11
512
Бөлісу:
Қазақстан мен Францияның жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ынтымақтастығы талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатта Қазақстан мен Францияның жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ынтымақтастығы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаһандық жылыну проблемалары әлемдік қоғамдастық деңгейінде жиі көтеріліп отырады. Көптеген мемлекеттердің күн тәртібінде бұл мәселеге басымдық беріліп келеді және Қазақстан да одан тыс қалмақ емес.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Қазақстан мен Францияның жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастығы туралы құжатты талқылады. Ынтымақтастық туралы бұл құжатқа 2022 жылғы 30 қарашада Парижде қол қойылған болатын. Бүгінде Қазақстан Парламентінде осы құжатты ратификациялау мақсатында талқыға салынды.

Құжаттың мақсаты – мемлекетіміздің аумағында орнықты даму мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобаларды әзірлеу, ілгерілету және іске асыру болып табылады. Сенаторлардың айтуынша, мұндай жобалар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, экологиялық таза технологияға көшуге және зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.

Заң аясында Жамбыл облысының аумағында орналасқан гибридті электр станциясын салу да жоспарланып отыр. Бұл жобаны іске асыру ЖЭК секторын дамытуды жалғастыруға, мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге, көмірқышқыл газының жыл сайынғы шығарындысын кемінде 2 млн тоннаға қысқартуға, сондай-ақ тұрақты 250 және уақытша 2 500 жұмыс орнын ашуға, 820 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Комитет депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді ратификациялау туралы» заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы