Қазақстан мен Францияға қылмыстық істі бірігіп тергеуге мүмкіндік беретін заң мақұлданды

9 Ақпан 2023, 12:25
1001
Бөлісу:
Қазақстан мен Францияға қылмыстық істі бірігіп тергеуге мүмкіндік беретін заң мақұлданды
Фото: azattyq-ruhy.kz

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, өзі жұмыс істейтін құзырлы орган «Бас прокуратура туралы» Конституциялық заңғ сәйкес халықаралық салада бірқатар құзыретті жүзеге асырады. 

Солардың бірі – басқа мемлекеттермен қылмыстық құқықтық қатынастар туралы халықаралық шарттар жасау. Бұл мәселе үш бағытты қамтиды: қылмыстық істер бойынша көмек көрсету; қылмысты жасап, басқа елде жасырынып жүрген адамды ұстап беру; шетелде сотталған адамдарды өз еліне жазасын өтеу үшін беру. Қазақстан қылмыстық құқықтық салада 34 мемлекетпен 72 екі жақты келісімді бекіткен. Оның ішінде Еуропадағы 16 елмен 35 шарт жасаған. Олардың арасында Ұлыбритания, Испания, Италия, Монако, Венгрия және тағы басқа мемлекеттер бар, - деп атап өтті құзырлы орган басшысының орынбасары. 

Белгілі болғандай, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы 29 шартқа қол қойылған.  

Жасырын жүрген адамды ұстап беру туралы 21 шарт бекітілді. Сотталған адамдарды беру туралы 22 елмен келісім жасалды. Осындай халықаралық шарттарды жасауда біз туристік экономикалық қарым-қатынас дамыған елдерге басымдық береміз, - деді Әсет Шындалиев.

Сонымен қатар  Қазақстан мен Францияға қылмыстық істі бірігіп тергеуге мүмкіндік беретін келісімге қатысты түсіндірді.

Мұндай шарттар тараптарға бірқатар құқықтық пен міндетті жүктейді. Шарт күшіне енген соң тараптар бір-біріне жолдаған құқықтық көмек туралы сұрауларды орындауға міндетті болады. Орындаудан бас тартса, онда жазбаша түрде нақты жауап беруге тиіс. Сондай-ақ істі тергеуге байланысты бір елден екінші елге шақырылған куәлар мен сарапшыларға шақырған тарап қылмыстық қудалаудан иммунитет береді, - деді бас прокурордың орынбасары.

Сондай-ақ ол келісімнің негізгі талабына тоқталды.

Ұсынып отырған шарт өзара құқықтық көмек көрсету негіздері мен тәртібін, оларды жүзеге асыру жолдарын, куәгер мен сарапшы, айыпталушыны шақырту, олардан жауап алу, күзетпен ұсталып отырған адамды уақытша алдыру және басқа да мәселелерді реттейді. Нақты айтқанда сұрау салу, заттарды тәркілеу, тінту, сараптама жүргізу, банктегі шоттарды анықтау, куәгер және сарапшы, айыпталушыдан жауап алу, ақпарат алмасу және тағы басқа тергеу амалдарын қамтиды. Мысалы, Францияда тінту жүргізу қажет болғанда Қазақстанның құқық қорғау органдары сұрау жолдайды. Оған тергеу соты санкция мен қаулыны қоса беріледі. Франция тергеу органы өзінің ұлттық заңнамасы негізінде тінту жасайды. Оның нәтижесін бізге хабарлайды. Дәл осындай тәртіппен Франциядан түскен сұрауларды Қазақстанның тергеу органдары орындайды. Оның ішінде Франция сотымен санкцияланған қаулыны біздің тергеу соты растайды. Ал тергеу әрекеттері Қазақстан заңына сәйкес біздің тергеу органдары жүргізеді. Мұндай шарттар тергеу толықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Бас прокурордың орынбасары. 

Сенаторлар заң жобасы бірауыздан мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы