Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия мен Еуропа Кеңесі сарапшыларының кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, қазақстандық тараптан еліміздегі Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов пен СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлеймен Еуропа Кеңесінің делегациясын қабылдады. Делегация құрамын заң мамандықтары өкілдеріне арналған адам құқығы саласындағы Еуропалық білім беру бағдарламасының (HELP) сарапшылары Сергей Дикман мен Кристина Хохлова бастап келді.
Кездесу барысында тараптар адам құқығын қорғау мен сотқа дейінгі тергеу сатысындағы мәселелерді, соның ішінде Қазақстандағы құқық қорғау жүйесіндегі азаптаудың алдын алу талқыға түсті. Сонымен қатар комиссияның еуропалық құрылыммен әріптестік перспективасы сөз болды.
Шетелдік қонақтарды қарсы алған комиссия төрағасы Игорь Роговтың айтуынша, елде адам құқығын әсіресе сотқа дейінгі тергеу сатысында қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ал комиссияға Еуропа Кеңесі тарапынан әдістемелік және ұйымдастыру тұрғысынан айтарлықтай көмек көрсетіледі. Бүгінгі таңда республикада құқық қорғау және сот жүйесін реформалау қолға алынды. Ал Еуропа Кеңесінің HELP бағдарламасының сараптамалық қолдауы маңызды.
Біз Орталық Азиядағы аймақтық бағдарламаны жүзеге асырудамыз. Биыл Қазақстанда орын алып жатқан реформаларды қолдауға бағытталған бірнеше іс-шараны ұйымдастыру жоспарымызда бар. Солардың бірі – заңгерлер, прокурорлар мен судьяларды адам құқығы саласында оқыту. Сондай-ақ азаптаудың алдын алу бойынша ауқымды өңірлік конференцияны өткізсек деген ойдамыз. Еуропа Кеңесінің осы салада тәжірибесі мол. Бізде азаптаудың алдын алу бойынша арнайы комитет бар. Елдеріңіздегі осы проблемамен әрі қарай жұмыс істеуде пайдасы тиетін тәжірибемізбен бөліссек деген ниеттеміз, - деді Еуропа Кеңесі делегациясының өкілі Сергей Дикман.
Еуропа Кеңесінің делегациясы Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Республикалық адвокаттар алқасы, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен кездеседі деп күтілуде.