Мемлекет басшысы Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
"Орталық Азия – Еуропа Одағы" саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуропа Одағының экономиканың түрлі секторындағы, цифрландыру және инновация салаларындағы ынтымақтастығын дамыту перспективасы талқыланды. Тараптар Қазақстан мен Еуропалық комиссия арасында виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімге келу үдерісі басталғанын оң бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім Қазақстан мен Еуропа Одағының сан қырлы ықпалдастығына негіз болып отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропамен ынтымақтастығын одан әрі тереңдететін төрт басым бағытты атады. Бұл – энергетика, ірі инфрақұрылым және өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру, көлік-логистика желілерін кеңейту, сондай-ақ цифрлық инновация, озық технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы серіктестік, - делінген Ақорда хабарламасында.
Урсула фон дер Ляйен көлік-логистика саласындағы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізі секілді жобаларды іске асырудың маңызына тоқталды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда сирек кездесетін металдардың ірі кен орнының табылуымен құттықтады.
Тараптар С5+ЕО аясындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті.

Кездесуде экономиканың түрлі секторындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Былтыр Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі 25 жобаны қаржыландыру туралы келісімге қол жеткізді. Бұл жобаларға тартылған инвестиция көлемі 935 миллион долларды құрады.

Одиль Рено-Бассо Қасым-Жомарт Тоқаевқа "жасыл экономика" бағдарламаларын жүзеге асыру барысы туралы мәлімдеді. Бұл бастамаға ЕҚДБ 2 миллиард еуро инвестиция құюды жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы қазақстандық банк секторының өркендеуіне қолдау көрсеткені үшін ЕҚДБ президентіне алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Одиль Рено-Бассо қаржы саласындағы жаһандық үрдістер жөнінде пікір алмасты.