Қазақстан мен Эфиопия парламенттерінің достық топтары ынтымақтастық орнатуда

28 Желтоқсан 2023, 00:11
581
Бөлісу:
Қазақстан мен Эфиопия парламенттерінің достық топтары ынтымақтастық орнатуда
Фото: gov.kz

Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Қазақстан мен Эфиопия парламенттерінің достық топтары депутаттарының алғашқы кездесуінде Парламентаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан тарапынан ынтымақтастық тобын ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жарқынбек Амантай, ал Эфиопия тарапынан делегацияны Эфиопия Парламенті Халық Өкілдері Палатасының Адам ресурстары және технологиялар жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Бетелхем Лакеу басқарды.

Ж. Амантай іс-шараны бастау сөзінде Қазақстан Эфиопияны Африкадағы өзінің маңызды серіктестерінің бірі деп санайтынын және достық пен өзара қолдау негізінде екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Эфиопиямен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті. Сондай-ақ, қазақстандық депутат эфиопиялық парламентшілерді еліміздегі ағымдағы мемлекеттік реформалар және ҚР Парламенті Мәжілісі қызметінің басымдықтары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Эфиопия парламенттік тобының жетекшісі өз тарапынан ауыл шаруашылығы, азық-түлік, инфрақұрылымдық даму, туризм және мәдени-білім салаларда тәжірибе және технологиялар алмасуға қызығушылық білдірді. Б. Лакеудің айтуынша, ашық теңізге тура жолы жоқ, шикізат пен минералдарға бай ірі елдер бола отырып, Қазақстан мен Эфиопия өзара сауданы дамыту, халықаралық және өңірлік алаңдарда өзара іс-қимылды нығайту, оның ішінде жаһандық климаттық күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша тығыз жұмыс істеу қажет.

Кездесу барысында тараптар екі елдің үлкен әлеуетін және парламенттік достық топтарының екіжақты саяси диалогты белсенді түрде көтермелеуге және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға дайындығын атап өтті. Тараптар өз деңгейінде шарттық-құқықтық базаны дамытуға, өзара қызығушылығы бар ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын тереңдетуге жәрдемдесуге келісті.

Өзгелердің жаңалығы