Кездесу барысында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстан мен Черногория президенттерінің келіссөздері нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін қарады.
Бүгін Сіз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен мазмұнды әрі сындарлы келіссөздер жүргіздіңіз. Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Черногория арасындағы қатынастардың жаңа кезеңін ашатынына сенімдімін. Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтың жүзеге асырылуын бақылауына алады, - деп атап өтті Премьер-министр.
Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктерін жоғары бағалайтынын айтты.
Біздің елдердің үкіметтері арамыздағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін іргелі құқықтық негіз болатын бірқатар екіжақты келісімдердің жобаларын әзірлеуде. Бұл жерде әңгіме экономикалық ынтымақтастық, әділет саласындағы әріптестік, сондай-ақ цифрландыру саласына қатысты өзара іс-қимыл тұрғысындағы келісімдер туралы болып отыр. Біз Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы жетістіктерін жоғары бағалаймыз, әрі сіздің елдің осы бағыттағы құнды тәжірибесін қабылдай аламыз деп санаймын, - деп атап өтті Яков Милатович.
Екіжақты тауар айналымының қазіргі деңгейі ынтымақтастықтың әлеуетін толық аша алмай отырғаны атап өтілді.
Екі елдің президенттері белгілеген міндеттер аясында сауда, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар, туризм, білім беру салаларындағы перспективалы жобаларға назар аударылды.
Агроөнеркәсіп кешенінде Қазақстанның Черногория нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде ұн, бидай, майлы дақылдар мен терең өңделген өнімдерді экспорттауға дайын екендігі атап өтілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымын, тұқым шаруашылығын, биотехнологияларды, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын жүргізудің өзге де орнықты әдістерін дамыту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Көлік-логистика саласында Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы басты транзиттік көпір ретіндегі рөлі атап өтілді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі өткен жылы 36%-дан астам өсіп, 77 мың ЖФЭ контейнерін құрады. Черногорияның стратегиялық тұрғыдан тиімді орналасуын және оның Адриатикалық теңізге қолжетімділікті қамтамасыз етуге қаншалықты үлес қосатынын ескере отырып, кездесуге қатысушылар сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейтудің кең мүмкіндіктері барын атап өтті. Сонымен қатар TХКБ-ның қуатын Бар портымен жұптастыру жайы талқыланды, бұл Оңтүстік және Орталық Еуропаға жаңа мультимодальды дәліз құруға мүмкіндік береді.
Цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық перспективаларына назар аударылды. Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кіреді, олардың 90%-дан астамы бүгінде онлайн режимде қолжетімді. Бұл бағытта бірлескен GovTech және ЖИ-бастамаларын құру арқылы цифрлық трансформация, ЖИ, мемлекеттік басқару мен инновациялар саласындағы әріптестікті кеңейту бойынша елеулі әлеует бар.
Олжас Бектенов Черногория делегациясына елдегі қалыптасқан инвестициялық климат туралы ақпарат берді. Негізгі шаралардың қатарында 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын жаңарту, инвестициялық штабтың жұмысы және Бас прокуратура жанындағы салалық комитет қызметі шеңберінде инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту, шетелдік инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Altyn Visa» жаңа арнайы визалық режимін енгізу бар.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзіне асыруға толық дайын екенін растады.