Қазақстан мен БҰҰ АТМЭӘК цифрлық трансформация перспективаларын талқылады

5 Қыркүйек 2024, 08:12
303
Бөлісу:
Қазақстан мен БҰҰ АТМЭӘК цифрлық трансформация перспективаларын талқылады
Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АТМЭӘК) Атқарушы хатшысы Армида Алисжабанамен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу А. Алисжабананың 2024 жылғы 3-5 қыркүйекте Қазақстан елордасында өтіп жатқан Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясына қатысу үшін Астанаға сапары аясында өтті.

Тараптар бірлескен перспективалық жобаларды, оның ішінде серіктес елдермен инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасу мақсатында Алматыда БҰҰ АТМЭӘК Цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын талқылады.

А. Рахметуллин бастапқы кезеңде Қазақстан Комиссияға мүше мемлекеттермен 20-дан астам нақты цифрлық шешімдермен бөлісуге дайын екенін атап өтті.

Сұхбаттастар өңірлік ауқымды қоса алғанда, экспорттық транзиттерді әртараптандырудың көліктік-логистикалық байланыстарын дамыту мәселелеріне жеке тоқталды.

А. Алисжабана өңір елдері арасындағы цифрлық саладағы ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның рөлін атап өтті. Ол еліміздің кең Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік-көліктік әлеуетін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Кездесу нәтижесі бойынша тараптар өңірлік ынтымақтастықты нығайту үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясында цифрлық технологияларды тұрақты даму, теңсіздікті азайту және адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту үшін қалай пайдалануға болатынын талқылау үшін цифрлық технологиялар министрлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және бүкіл өңірдегі технология сарапшылары жиналды.

Өзгелердің жаңалығы