Қазақстан мен Башқұртстан спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен «Ресей – спорт державасы» халықаралық форумы аясында Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен кездесуінде айтты.
Кездесу барысында министр Радий Хабировты Башқұртстан басшысы лауазымына қайта сайлануымен және Башқұртстанның бас шаһары – Уфа қаласының 450 жылдығымен құттықтады. Бұл мерейтой қаланың бай тарихын ғана емес, мәдени және экономикалық орталық ретіндегі қазіргі дамуын да бейнелейтінін жеткізді.
Әңгіме барысында тараптар спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.
Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы спорттық ынтымақтастықтың ұзақ жылдық тарихы бар. Екі ел де қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін, оның ішінде куреш және ат спорты жарыстары сияқты ұлттық спорт түрлерін белсенді дамытуда. Бұл біздің мәдени мұрамызды сақтауға көмектеседі, – деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттілігіне тоқталып, Kazakh Tourism мен Башқұртстанның туризмді дамыту орталығы арасындағы меморандум бойынша жұмысты жандандыруға ниетті екендігін жеткізді.
Былтыр Kazakh Tourism мен Башқұртстанның туризмді дамыту орталығы арасында меморандумға қол қойылған болатын. Аталған келісім біздің өңірлер арасындағы туристік ағымды арттыруға көмектесетініне сенімдімін. Біз осы саладағы тәжірибемізді бөлісуге және бірлескен жобаларды әзірлеуге дайынбыз, – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.
Кездесу соңында министр Башқұртстанның туристік компанияларын Алматыда өтетін KITF-2025 халықаралық туристік көрмесіне қатысуға шақырды.