«KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі мен «AIDA» әзербайжандық халықаралық даму агенттігі Ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның мақсаты – жобаларды бірлесіп іске асыру, Кавказ өңіріндегі халықаралық бастамаларға қатысу, сондай-ақ дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы агенттіктер арасында тәжірибе мен білім алмасуды ынталандыру.
Тараптар ДРК саласындағы екі елдің ынтымақтастығы үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтіп, Кавказ елдерінде бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде агенттіктер арасындағы өзара іс-қимыл туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бакуға сапар барысында KazAID делегациясы шетелдік дипломаттарға арналған «Advanced Foreign Service Program for Foreign Diplomats» бағдарламасының жабылу салтанатына қатысты, сондай-ақ Әзербайжан сыртқы істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік мекемелерінің, елдегі БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдерімен кездесулер өткізді. Қазақстандық оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту мақсатында «ADA» университетімен байланыс орнатылды.