Қазақстан мен Әзербайжан энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

30 Қыркүйек 2023, 13:24
748
Бөлісу:
Қазақстан мен Әзербайжан энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
Фото: gov.kz

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел Әзербайжанның Энергетика министрі, Қазақстан-Әзербайжан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының төрағасы Парвиз Шахбазовпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономика, көлік-логистика және энергетика салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.

Ә. Байел былтыр және биыл өткен Қазақстан мен Әзербайжан Мемлекет басшыларының өзара сапарлары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қуатты серпін бергенін айтты. Ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан Премьер-Министрінің Әзербайжанға ресми сапарының нәтижелілігі қанағаттанарлықпен аталып өтті. Қысқа және орта мерзімді перспективаға бағытталған ынтымақтастық контурлары аталған сапарлар барысында қол қойылған 40-қа жуық құжатта көрсетілген.

Өз кезегінде П.Шахбазов та Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев арасындағы сенімді диалогтың екі елдің барлық деңгейдегі тығыз әрі жемісті ынтымақтастығына ықпал етіп отырғанын атап өтті. Министр 2023 жылғы 3-4 қазанда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бірінші энергетикалық форумына қатысуды жоспарлап отырғанын айтты.

Тараптар экономикалық саладағы бірлескен іс-шараларды, сондай-ақ екі ел үшін ғана емес, бүкіл аймақ үшін үлкен геоэкономикалық маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуын жоғары бағалады. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға, Каспий теңізінің түбімен электр кабелін тартудың жаңа жобасын іске асыруға, сондай-ақ қазақстандық мұнайдың Әзербайжан арқылы экспортын арттыруға екі жақтың да мүдделілігі айтылды. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту бойынша нақты жұмыстардың басталғаны қанағаттананарлықпен аталып өтті.

Сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия қызметінің тиімділігі және екі ел арасындағы өзара іс-қимыл үдерістерін жандандыру үшін комиссия жұмысының жаңа форматтарын енгізу мүмкіндіктері туралы пікір алмасу болды.

Осы ретте «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзербайжанның Мемлекеттік Мұнай компаниясы (SOCAR) арасында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес 2023 жылдың наурыз айынан бастап Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна көлемінде қазақстандық мұнайдың тасымалдана бастағанын атап өту қажет.

Алдағы бірнеше жылда бұл көлем айтарлықтай өседі деп күтілуде. 2023 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында Ақтау портынан Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша мұнай жөнелтілімдері 520 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, қазақстандық тарап Баку-Супса құбыры арқылы 5 млн тонна мұнайды тасымалдау, сондай-ақ Қазақстан мұнайын теміржол арқылы Қара теңіз терминалдарына тасымалдау мүмкіндігін зерделеуде.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасы жалғасуда. 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 50,8 процентке (229,1 миллион доллардан 345,6 миллион долларға дейін) өсті.

2023 жылдың басынан бері Орта дәліз (ТХКБ) бойынша тасымалдау 85,3%-ке артып, 1,7 млн тоннадан асты. Сонымен қатар, 2023 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара рейстер саны аптасына 32 рейстен 42 рейске дейін арттырылды.

Әңгіме соңында Қазақстан Елшісі екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы