Қазақстан мен Аустрия заңсыз мигранттарды қайтару туралы келісімді бекітті

Қазақстан мен Аустрия заңсыз жүрген азаматтарды қайтару туралы келісімді ратификациялады.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 11:55
Бүгiн 2026, 11:55
120
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен Аустрия Үкіметі арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Құжат екі ел аумағында көші-қон талаптарын бұзған азаматтарды қайтарудың нақты тәртібін бекітеді.

Келісімге 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада қол қойылған. Оның негізгі мақсаты – ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, мемлекеттер аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу саласында екіжақты құқықтық негіз қалыптастыру.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, келісім ел аумағына заңсыз кірген немесе болу шарттарын бұзған адамдарды өз мемлекетіне қайтаруды көздейді. Сонымен қатар құжаттары жоғалған немесе қиын жағдайға тап болған азаматтарға да қолданылады.

Реадмиссия тәртібімен қайтарылған азаматтарға әкімшілік айыппұл салу немесе елден шығару секілді қосымша санкциялар қолданылмайды.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, келісімде заңсыз көшіп-қонушыларды қайтару мерзімдері мен рәсімдері нақты айқындалған. Құжат екі елдің азаматтарымен қатар, үшінші ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау, беру және транзиттеу мәселелерін де қамтиды.

Қазіргі уақытта Қазақстан реадмиссия институтын 21 мемлекетпен жүзеге асырып отыр. Жаңа келісім көші-қон саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Наверх