Қазақстан мен АҚШ арасында Нью-Йорк бағыты бойынша тікелей әуе рейсін ашу мәселесіне қатысты АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елшінің айтуынша, әзірге тікелей рейстің нақты іске қосылатын уақыты белгіленбегенімен, бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр.
Қазір нақты уақыт кестесін айта алмаймын. Алайда Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейсі – екі ел ынтымақтастығының ең жоғары символы болар еді. Бұл бастаманың жүзеге асуына бәріміз де өте қызығушылық танытып отырмыз және осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын білеміз, – деді ол журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Джули М. Стаффт биыл бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жасалғанын да атап өтті.
Биыл Air Astana ұзақ қашықтыққа ұшуға арналған Boeing 787 Dreamliner әуе кемелерін сатып алды. Мұндай ұшақтар Қазақстан мен АҚШ арасындағы алыс бағыттарға тікелей рейс орындауға мүмкіндік береді. Біз мұны осы үдерістегі маңызды қадам деп санаймыз, – деді елші.