Қазақстан Медиация жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы конвенцияға қол қойды

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөздер өтті.

 gov/kz 13 Шілде 2026, 22:45
13 Шілде 2026, 22:45
252
Фото: gov/kz
Қазақстан мен Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту бағытын жалғастырып жатыр.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Қытай Халық Республикасына сапары аясында Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөздер өтті.

Е. Көшербаев қытайлық тарапты Қытай Коммунистік партиясының 105 жылдығымен және Қытай Халық Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының Он бесінші бесжылдық жоспарын табысты іске асырудың басталуымен құттықтады. Сондай-ақ әріптесін Қазақстандағы институционалдық реформалардың жаңа кезеңі туралы хабардар етіп, ү.ж. 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енгенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан реформалардың заң үстемдігін одан әрі нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталғаны ерекше назар аударылды.

Тараптар мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйін және екі мемлекет басшыларының кездесулері қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Соңғы кездесуімізден бері Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар жоғары серпінін сақтап, екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша тұрақты түрде дамып келеді, – деп айтып өтті Е. Көшербаев.

Өз кезегінде, Ван И Қытай Қазақстанды өзінің негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде әрдайым қарастыратынын және екі ел көшбасшылары арасындағы сенімді диалог екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың берік негізі екенін баса айтты.

ҚР СІМ басшысы Қазақстан мен Қытай мемлекет басшылары қойған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру міндетін дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқанын айтты. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі екені және 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы рекордтық деңгейге – 48,7 млрд АҚШ долларына жеткені атап өтілді.

Технологиялық ынтымақтастық пен жасанды интеллект мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шанхайда өтетін Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында Ермек Көшербаев қытайлық тараптың форумды ұйымдастырудағы күш-жігерін, сондай-ақ Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік ынтымақтастық ұйымының құру бастамасын жоғары бағалады.

Министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК, «Орталық Азия-Қытай» форматы және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберіндегі тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға бейілділіктерін растады.

Тараптар жоғары деңгейде өтетін алдағы іс-шаралардың кестесін талқылап, стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанның аталған ұйымға қосылуын көздейтін Медиация жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы конвенцияға қол қойды.

Наверх