Қазақстан халықаралық мәселелердің түйінін тарқататын диалог алаңына айналып келеді – ҚХА мүшесі

5 Мамыр 2019, 10:14
2238
Бөлісу:
Қазақстан халықаралық мәселелердің түйінін тарқататын диалог алаңына айналып келеді – ҚХА мүшесі

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Егемендіктің қиын-қыстау кезеңінде Елбасының көрегендігі мен қайраткерлігінің арқасында елімізде қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық сақталып қалды. Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХXVII сессиясында қаралған мәселелер бойынша өткен облыстық автивінің отырысында осындай ой айтылды.

Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешованың айтуынша, қазіргі күні дүниежүзіндегі түрлі құбылысты зерделеген адам тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жете түсінеді.

«Бүгінгі таңда әлемде берекесі қашып, тыныштығы кеткен елдердің қатары артып барады. Діни, ұлтаралық алауыздық өршуде. Мұндай соғыс оттарын халықаралық дипломатияның үздік үлгілері де сөндіре алмай, әуреге түсуде. Сондықтан мемлекеттік саясатты, ең алдымен, халықтың ынтымағына бағыттаған елдерде тұрақтылық болады және экономикасы қарыштап дамиды», – деді Ләйлә Бегалиқызы.

Ләйлә Төрешованың айтуынша, Қазақстанда дінаралық және этностардың татулығы қажырлы қызметтің арқасында орнады. Қазақ халқы аласапыран заманда жан-жақтан бас сауғалап, босып келген ұлттар өкілдерін кеудесінен итермей, дархан мінезімен қамқорлығына алды.

«Тәуелсіздік кезінде де қырық жамау болған ұлттық құрамдағы осы ерекшелікті негізге алғандар «жаңадан пайда болуы ықтимал үлкен қақтығыстар алаңы» ретінде қазақ даласын меңзеген еді. Бірақ қазақтың кең жүрегі Қазақстандағы барша халықтың бірлікте өмір сүруіне ұйытқы болды. Егемендіктің қиын-қыстау кезеңінде Елбасының көрегендігі мен қайраткерлігінің арқасында елімізде қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық сақталып қалды. Көрдіңіз бе, қазақтың дархан мінезі, Тұңғыш Президенттің сарабдал саясаты бар елімізге әлем мемлекеттері қызыға да қызғана қарайтын болды. Кей жағдайда құлақ асады. Сол себепті Қазақстан халықаралық мәселелердің түйінін тарқататын диалог алаңына айналып келеді», - деді Ләйлә Төрешқызы.

Ал «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Владимир Толоконников Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол өмірлерінің ажырамас бөлігі, тыныштық пен бірліктің белгісіне айналғанын айтып өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнінен бастап орасан зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол – 130-дан астам этностың басын біріктіретін еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі», - деді ол.

Басқосуға қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы барысында алған әсерлерімен қоса, таным-түсініктері жылдан-жылға кеңейіп келе жатқандарын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы