Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан-Иран кездесуінен не күтуге болады?

Бөлісу:
 shutterstock.com
Фото: shutterstock.com

Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның 10-11 желтоқсанда Астанаға жасайтын ресми сапары қарсаңында қазақ-иран диалогының нақты мазмұнына деген қызығушылық қайта арта түсті. Иран төңірегіндегі күрделі сыртқы саяси жағдайға байланысты Қазақстан прагматикалық жобалар мен халықаралық ахуалға қатысты тәуекелдер арасында теңгерімді сақтай отырып, барынша сақ қимылдауға тырысады. Осы орайда көлік-транзит және экономикалық күн тәртібі екі ел үшін де басты бағыттардың бірі болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшылары жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп, сауда-экономикалық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан соңғы рет 2025 жылғы 5 маусымда сөйлескен. Сол кезде лидерлер бір-бірін Құрбан айт мерекесімен құттықтап, алдағы кездесулердің кестесін келіскен.

Сарапшылар бүгінгі таңда экономикалық прагматизм екіжақты диалогтың шекарасын айқындайтынын түсіндірді. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстан барынша сақтықпен әрекет етіп отыр.

Менің ойымша, бәрі көзге көрініп тұр. Әрине, Қазақстан Иранмен байланыста өте ұқыпты болады – мәселені саясиландырмауға, Иранға қарсы тараптардың санкциялық қысымына түсіп қалмауға, олармен қарым-қатынасты бұзбауға тырысады. Бірақ Қазақстан логистикаға, тауарларды Иран аумағы арқылы жеткізудің болашағы бар жолдарына, мүмкін, Ираннан Парсы шығанағының жағалауларына дейінгі теміржол қатынасына мүдделі, – деді сарапшы.

Ол сондай-ақ көлік дәліздерін дамыту ең перспективалы бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар Түрікменстан мен Иран арқылы батысқа қарай өтетін құрлық жолдарын, теміржол қатынасын дамыту мүмкіндігі бар. Әрі қарай бұл жолдар Әзербайжанға, Арменияға немесе тіпті Түркияға шығуы мүмкін. Өз кезегінде Иран Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін – астық және басқа да тауарларды жеткізуге мүдделі, өйткені Иранның бұл салада белгілі бір қиындықтары бар, – деді Ғазиз Әбішев.

Сарапшының пікірінше, ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер бар, бірақ олар тараптардың нақты ресурстарымен шектеледі.

Әрине, басқа да ынтымақтастық түрлері болуы мүмкін, өзге тауарлармен де алмасуға болады, бірақ меніңше, бұл екі негізгі бағыт. Өзара инвестиция мәселесі туралы айту екіталай – қазіргі таңда екі елдің де инвестиция құюға мүмкіндігі жоқ. Туризм саласы да негізгі тақырып болады деп ойламаймын, – деп атап өтті ол.

Жалпы диалогтың сипатына тоқталған Ғазиз Әбішев оның негізінде практикалық есеп пен дипломатиялық икемділік жатқанын айтты. 

Бастысы – экономикалық прагматизм, тараптардың бір-біріне қажет өнімдерді алмастыруы, сондай-ақ дипломатиялық диалог. Өйткені Қазақстан қазіргі кезде дипломатиялық аренада белсенді рөл атқарып, кейбір елдер арасындағы жанама келіссөздерде дәнекер бола алады, – деп ойын айтты сарапшы.

Транзиттік мүмкіндіктер және ирандық бағыттың стратегиялық маңызы жөнінде саясаттанушы Талғат Қалиев те пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан үшін логистикалық күн тәртібі – тек даму емес, сонымен қатар қауіпсіздік пен экспорттық бағыттардың тұрақтылығы мәселесі.

Каспий теңізі арқылы Иран – біздің көршіміз. Бұл өзінен-өзі тығыз өзара қатынасты талап етеді, әсіресе қазір Каспий теңізі арқылы транзит белсенді дамып келеді. Жуырда Каспий Құбыр Консорциумы терминалына жасалған шабуылды ескерсек, біздің экспорт бағытымыздың қаншалықты осал екенін көріп отырмыз. Қазіргі таңда бағыттарды әртараптандыру мәселесі тұр – оның ішінде Әзербайжан арқылы және, мүмкін, Иран арқылы. Өйткені ол жақтан біз Парсы шығанағына шығамыз, – деді ол.

Саясаттанушының айтуынша, сыртқы шектеулерге қарамастан, Иран маңызды серіктес болып қала береді. 

Иран экономикасы қатаң санкциялар қысымында болғанына қарамастан, жеткілікті тұрақтылық көрсетіп отыр. Бұл – халқы көп, үлкен нарығы бар өте ірі мемлекет. Сондықтан Иранмен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту біз үшін пайдалы болар еді, – деп түсіндірді ол.

Визиттің ұйымдастырушылық бөлігіне тоқталған Талғат Қалиев, қандай да бір болжамдар шартты болғанымен, Қазақстанның жүйелі тәсілі мазмұнды күн тәртібіне үміттенуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы