Президент Ақордада Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты түрде қарсы алып, шағын құрамда кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынастар соңғы 30 жылдағы ең өнімді кезеңді бастан кешіріп отыр. Қазақстан сіздің еліңізбен өзара тиімді әріптестікті дамытуға үлкен мән береді. Сіздер қазіргі әлемде шынымен де өте сенімді әріптессіздер. Біз екіжақты ынтымақтастығымызды ілгерілету жолындағы сіздердің ұстанымдарыңызды және еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз, - деді Тоқаев Иордания Королімен кездесуде.
Президент Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейннің өз аймағында да, әлемдік деңгейде де бейбітшілік пен келісімді ілгерілетудегі маңызды рөлін айрықша атап өтті.
Сіздің басшылығыңызбен Иордания Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тыныштықтың тірегіне айналды. Халықаралық аренада Сіздің даусыңыздың салмағы зор. Сонымен қатар биыл ақпанда Корольдікке жасаған ресми сапарымда көрсетілген жылы қабылдауды ерекше атап өткім келеді. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі менің сіздің еліңізге жасаған алғашқы ресми сапарым еді. Ол шынымен де өте жемісті болды және екіжақты ынтымақтастығымызды ілгерілетуге қуатты серпін берді, - деп айтты Мемлекет басшысы Ақордадағы кездесуде.
Тоқаев Иордания басшысына бүгінгі сапары да Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып, жаңа серпін беріп, оны жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.