Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнмен кездесті. Жиында екі ел қай салаларда серіктестікті дамытатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін біз бизнес пен мемлекетаралық деңгейде 15-тен астам келісімге қол қоямыз. Бұл құжаттар ынтымақтастығымыздың түрлі салаларын қамтиды. Сондай-ақ бүгінгі Қазақстан–Иордания бизнес-форумы әріптестігімізге жаңа серпін береді деп үміттенеміз, - деді Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Иорданияны саясат пен экономикадағы ортақ көзқарас қана емес, сонымен бірге мәдениет, дін және өзара құрмет дәстүрі де байланыстырады.
Біз әлемге түрлі мәдениеттер мен діндердің бейбіт өмір сүріп, адамзаттың дамуына үлес қоса алатынын көрсетіп келеміз. Шын мәнінде, келіссөздеріміздің қорытындысында көлік, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы, IT және цифрландыру, сондай-ақ денсаулық сақтау мен фармацевтика және басқа да салалардағы нақты келісімдерге қол жеткізілетініне сенімдімін, - деп айтты Мемлекет басшысы кездесуде.
Еске салсақ, 26 тамыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алған болатын. Ал бүгін Мемлекет басшысы Ақордада Иордания Королін салтанатты түрде қарсы алды. Содан кейін өткен шағын құрамдағы кездесуде Тоқаев Қазақстан Иорданиямен өзара тиімді әріптестікті дамытуға үлкен мән беретінін айтты.