Елордада «Индонезиялық жазғы фестиваль» басталды. Іс-шара 14 маусымнан 16 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Фестиваль Қазақстан мен Индонезияның дипломатиялық қатынастарына 30 жыл толуына орай биыл Индонезияның мәдени орталығында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Фестиваль аясында қонақтар үшін ойын-сауық бағдарламалары, екі елдің достық байланысын білдіретін ән-би қойылымы көрсетілді.
Сонымен қатар елордалықтар Индонезиядан әкелінген әртүрлі өнімдерді, соның ішінде шөптік сусындар, тамақ өнімдер, дәстүрлі тағамдар мен косметикамен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Индонезия Республикасының Қазақстандағы және Тәжікстандағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахман сөз сөйлеп, екі елдің байланысына биыл 30 жыл толғанын атап өтті.
Дипломат өз сөзінде фестивальдің ашылуына жиналған қонақтарға алғысын білдірді.
Индонезия мәдени орталығында Индонезияның жазғы фестивалі мен шағын көрме - Индонезия елшілігі ұйымдастырып отырған алғашқы іс-шара. Бұл бағдарлама жыл сайынғы іс-шаралардың өткізу сапасын артуына септігін тигізетініне кәміл сенеміз. Мәдени дипломатия контекстінде - бұл шара Индонезия мен Қазақстан арасындағы екі жақты мәдени диалог. Екі ел жастарының орындауында би қойылымдар мен әнге шашуына куә боламыз. Бұл іс-шара білім беру дипломатиясын нығайтуға бағытталған, сондықтан Индонезияның Йогьякарта өнер институты мен Қазақстан ұлттық хореография академиясы арасында меморандумға қол қойылады. Қазақстан Үкіметіне 26 стипендия бөліп, индонезиялық студенттерді шақырғанына алғыс айтқым келеді. Қазіргі уақытта Индонезия студенттері Назарбаев, әл-Фараби және басқа да университеттерде білім алып жатыр, - деді елші.
Оның айтуынша, Қазақстан биыл шетелдік студенттерге барлығы 500 грант бөліп отыр. Ал Индонезиядан оқуға түсуге 350 азамат құжат тапсырып үлгерген.
Гранттарге ілінеміз деп үміттенеміз. Өйткені Қазақстан Индонезия студенттері арасында өте танымал, - деді Мохамад Фаджрул Рахман.
Айта кетсек, фестиваль экономикалық дипломатияны ілгерілету және одан әрі нығайтуға бағыталған. Осы себептен Индонезияның 100-ге жуық сапалы өнімдерінің түрін көрсететін кішігірім көрме ұйымдастырылған. Атап айтқанда, азық-түліктен бастап дәстүрлі тағамдар, сусындар, зергерлік бұйымдар, қолөнер бұйымдары, кофе, шай, батик өнімдеріне дейін.
Индонезия елшісі Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаевқа елшілік атынан алғыс хат табыстабы.
Жақында ғана елордада бауырлас қалалар мэрлерінің саммиті өткен еді. Саммитте Индонезияның жаңа астанасы елордамен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Екіжақты қарым-қатынасты нығайту мақсатында Астана қаласы барлық елшілікке үлкен іс-шараларға қатысуға, көмектесуге дайын. Бастысы бірлікте болып, халықаралық ынтымақтастығымыз нығая берсін, - деді әкімнің орынбасары.
Индонезия мен Қазақстан екіжақты қарым-қатынастардың 30 жылдығы аясында 2023 жылғы 3 шілдеде екі елдің бас қалалары арасында бауырлас өзара түсіністік туралы меморандумға (МҰ) Нусантарының әкімшілігінің басшысы Бамбанг Сусантоно мырза және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мырзамен қол қойған болатын.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш фестивальдің ашылуымен құттықтады.
Индонезия – Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі. Биыл 2 маусымда елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Осы уақыт ішінде өзара сенім мен түсіністікке негізделген ынтымақтастықтың көптеген бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мәдени гуманитарлық байланыстар осындай іс-шаралар арқылы дамып, нығая түсетіні белгілі. Мысалы, былтыр Индонезияның ұлттық кітапханасында Қазақстан туралы фотокөрме, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған кеш өтті, - деді вице-министр фестивальде.
1991 жылы 28 желтоқсанда Индонезия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған болатын. Одан кейін 1993 жылы 2 маусымда Қазақстан–Индонезия дипломатиялық қарым-қатынастарын орнатты.
Индонезияда 1331 этникалық топ, 718 аймақтық тіл, 17 мың арал бар. Бали сол аралдардың біреуі.