Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сайлауға қатысқа барша жұртқа ризашылығын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сайлауға қатысқан барша жұртқа ризашылығымды білдіремін. Науқанға атсалысқан қауымға, байқаушылар мен журналистерге зор алғыс айтамын. Президенттікке кандидаттарға да құрметімді білдіремін. Сайлауда саяси партиялар және қоғамдық ұйымдар маңызды сәтте жұдырықтай жұмыла алатынын көрсетті. Осы ретте, мені президенттікке ортақ кандидат ретінде ұсынған халық коалициясы мүшелеріне рахмет айтқым келеді, - деді Президент.
Президент дауыс берген азаматтардың ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының алдында есеп беретінін атап өтті.
Қазақта «Байлық не керек, адалдан жимасаң, билік не керек, әділдік құрмасаң» деген сөз бар. Бұл – бұлжытпай ұстанатын өмірлік қағидатым. Мен бүгін көк туды сүйіп, дана халқымның алдында бас идім. Азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым еттім. Елімнің арман-мұратына өмір-бақи адал болуға серт бердім. Ешқашан адалдықтан аттамауға және ел мүддесіне қиянат жасамауға ант еттім. Ата заңға қолымды қойып, оның әр сөзін мүлтіксіз орындаймын. Халқымның алдындағы осы антым алдағы қызметімде мен үшін айнымас темірқазық болады, - деді Қазақстан Президенті.