Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан халқының 30%-ға жуығы құмар ойындарға қатысқан

Бүгiн, 21:53
105
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Қазақстан халқының 29%-ында құмар ойындар мен лотереяларға қатысу тәжірибесі бар. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков ведомство алқасының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Вице-министрдің айтуынша, министрлік заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруды үйлестіріп келеді. Осы жоспар аясында Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет республикалық деңгейде құмар ойындарға тәуелділіктің себептері мен ауқымын анықтауға бағытталған ауқымды әлеуметтанулық зерттеу жүргізілген.

Зерттеуге еліміздің әр өңірінен 6 мың респондент қатысқан. Нәтижесінде халықтың 29%-ының құмар ойындар мен лотереяларға қатысу тәжірибесі бар екені анықталған. Сонымен қатар, азаматтардың шамамен 4%-ы заңсыз букмекерлік кеңселер мен интернет-казинолардың клиенттері болып табылады.

Бауыржан Рапиковтің айтуынша, шамамен 500 мың адам құмар ойындар мен лотереяларға тұрақты түрде қатысады, ал тәуекел аймағында 15 мыңға жуық азамат бар.

Үнемі ойнайтындардың басым бөлігі – өз өміріне қанағаттанбайтын адамдар. Ал тәуекел тобына негізінен қалада тұратын, ажырасқан немесе бойдақ, жасы 24 пен 29 аралығындағы ер адамдар жатады. Көп жағдайда ойыншылар ставкалар мен казиноны табыс табудың бір тәсілі ретінде қабылдайды. Бұл – басты қателік. Жүйе толық іске қосылғаннан кейін жиналған деректер тәуекел тобындағы ойыншылармен атаулы жұмыс жүргізуге және алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол жүргізілген зерттеу Қазақстандағы лудомания проблемасы қоғамда айтылып жүргендей ауқымды емес екенін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандықтарды құмар ойындардан гөрі бағаның өсуі, халықтың шамадан тыс несиеленуі және сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігі сияқты әлеуметтік-экономикалық мәселелер көбірек алаңдатады.

Өзгелердің жаңалығы