Дубай қаласында (БАӘ) өтіп жатқан әлемдегі ең ірі азық-түлік және сусындар индустриясына арналған Gulfood 2026 халықаралық көрмесінде Қазақстан алғаш рет бірыңғай Ұлттық павильонмен қатысып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл бастама шикізаттық емес экспортты дамыту және отандық агроөнеркәсіп кешені өнімдерін Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына ілгерілету мақсатында жүзеге асырылды.

Ұлттық павильонды аралаған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров көрменің стратегиялық маңызын атап өтіп, Gulfood алаңы халықаралық серіктестермен тікелей B2B байланыстар орнатуға, экспортты кеңейтуге, Kazakhstan брендін ілгерілетуге және шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Көрмеде 30 қазақстандық компания 300-ден астам экспортқа бағытталған өнім түрін ұсынып отыр. Олардың қатарында дәнді дақылдар, ұн, ет және сүт өнімдері, өсімдік майлары, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар қайта өңделген тауарлар бар. Көптеген өндірушілер халықаралық аккредитациядан өткен және Halal стандарттарына сай келеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның көрмеге қатысуы республикалық бюджет қаражатынсыз, компаниялардың өз есебінен ұйымдастырылған. Бұл отандық бизнестің халықаралық нарықтарға шығуға жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Айта кетейік, Gulfood көрмесі жыл сайын 190-нан астам елдің өкілдерін біріктіретін азық-түлік саудасындағы басты жаһандық алаң саналады. Көрме 30 қаңтарға дейін жалғасады.