Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект саласына инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында айтылды.
Жиында цифрландыруды дамыту және жасанды интеллектіні енгізу қазіргі таңда елдердің инвестиция тартудағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналғаны аталып өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Осыған байланысты жаңа Конституцияға азаматтардың цифрлық құқықтары енгізіліп, 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Сонымен қатар Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» және «Киберқауіпсіздік туралы» заңдар қабылданды.
Сенімді трансшекаралық деректер алмасуды қамтамасыз ету үшін Cloud First Policy және Data Embassy сияқты жаңа реттеу тетіктері енгізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, «ДӨО алқабы» флагмандық жобасы аясында Қазақстан Firebird AI компаниясымен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жөнінде 10 млрд АҚШ долларына келісім жасасты.
Үкіметтің мәліметінше, цифрлық жобаларды іске асыру барысында туындайтын бизнес мәселелерін жедел шешу үшін Үкімет жанынан цифрлық штаб жұмыс істейді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту елдің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев толыққанды цифрлық ел құру міндетін қойып отыр. Цифрлық трансформация мен ЖИ-ді дамыту – біз үшін тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды элементі. Біз шетелдік әріптестердің еліміздің іскерлік ахуалын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық саладағы инвесторлармен сындарлы диалогке ашық, – деді Олжас Бектенов.