Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов ОКҚ алаңында өткен брифингте Еңбек күнін атап өтуге қандай дайындық жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министр Ақмәди Сарбасов 2013 жылдан бастап жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде Қазақстанда Еңбек күні мерекесі аталып келе жатқанын еске салды.
Биыл бұл айтулы күн 24 қыркүйекке тұспа-тұс келіп отыр. Еңбек күні – бұл күнтізбедегі нағыз еңбек мерекесі ғана емес, сонымен қатар жұмыс өмірінің сапалық көрсеткіші. Еңбек өмірінің сапасы дегеніміз бұл тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз жұмыс ортасы, еңбекақының лайықты деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер, – деді Ақмәди Сарбасов.
Еңбекмині өклінің сөзінше, әлемнің 100-ден астам мемлекеті Еңбек күнін атап өтетінін және Жаңа Зеландия, Жапония, Қытай, Ресей, Беларусь сияқты бірқатар елде бұл мереке мемлекеттік мәртебеге ие.
Еңбек күні қарсаңында Еңбек құндылықтарын ілгерілету мақсатында мынадай іс-шаралар өткізіледі:
- еңбек адамдары мен түрлі кәсіп өкілдері туралы деректі фильмдер, тақырыптық бағдарламалар, айдарлар, хабарлар сериясын көрсету;
- әлеуметтік желілерде кеңінен тарату үшін «Еңбек адамын» (жұмысшы кәсіптерінің адамдары және т.б.) танымал ету және ілгерілету жөніндегі ақпараттық материалдар, роликтер, сюжеттер шығару;
- барлық өңірлерді тікелей қосу арқылы «Адал азамат – Адал еңбек» телемарафонын өткізу;
- барлық білім беру ұйымдарында «Менің жетістігім – менің нәтижем» тақырыбында онлайн дәрістер, сынып сағаттарын, студенттік пікірталастар өткізу;
- «Еңбек галереясы» фотокөрмелерінің серияларын, соның ішінде көрнекі жарнама құралдарын және т.б. пайдалана отырып іске қосу;
- Еңбек күніне орай «Менің жетістігім – менің нәтижем» ұранымен спорттық фестивальдар өткізу және т.б.