Қазақстан елшісі Түрікменстан Президентіне сенім грамотасын табыстады

6 Мамыр 2022, 00:15
1400
Бөлісу:
Қазақстан елшісі Түрікменстан Президентіне сенім грамотасын табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Асқар Тәжібаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке сенім грамоталарын табыстады.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми рәсімнен кейін орын алған сұхбат барысында тараптар қазақстан-түрікмен қатынастарының жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашғабатқа мемлекеттік сапарының, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Үшінші консультативтік кездесу аясындағы екі ел басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, тараптар екіжақты қарым-қатынастардың берік нормативтік құқықтық базасы, сондай-ақ Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен қазақстан-түрікмен үкіметаралық комиссиясының табысты қызметі дәлел болып табылатын мемлекеттеріміз маңызды стратегиялық әріптестер екенін атап өтті.

Елші С. Бердімұхамедовке Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың атынан 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Саммитіне қатысуға шақыру хатын табыс етті. Түрікменстан басшысы шақыруды ризашылықпен қабылдады.

Кездесуден кейін А.Тәжібаев Түрікменстанның тұңғыш Президенті Сапармұрат Ниязовтың кесенесі мен елорданың шетіндегі Қыпшақ ауылында орналасқан Turkmenbashynin Ruhy Metjidi (Түрікменбашы рухының мешіті) мешітінде болды. Кесенеде қазақстандық дипломат 1948 жылы Ашғабаттағы жер сілкінісі кезінде қаза тапқан С. Ниязовтың анасы мен екі ағасын еске алу үшін орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды.

Түрікменстанның Тұңғыш Президентіне естелік құрмет білдіріп, А. Тәжібаев Ашғабат орталығындағы Түрікменстанның Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қойды.

Өзгелердің жаңалығы