Қазақстан елшісі Моңғолияның Президентіне сенім грамоталарын табыстады

14 Маусым 2022, 14:15
1296
Бөлісу:
Қазақстан елшісі Моңғолияның Президентіне сенім грамоталарын табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Президенті Ухнагийн Хүрэлсүхқа сенім грамоталарын табыстады.

Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Сенім грамоталарын табыстау рәсімінен кейін болған сұхбат барысында тараптар қазақ-моңғол қарым-қатынастарының жағдайы мен даму перспективалары туралы пікір алмасып, түрлі деңгейлердегі екіжақты байланыстардың кестесін талқылады.

Президент У. Хурэлсух Моңғолия мен Қазақстан өңірдегі жай ғана көрші емес – оларды қазақ және моңғол халықтарының ортақ тарихи тамыры, мәдени мұрасы мен өмір салты біріктіреді, бұл екі мемлекет арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін, сондай-ақ халықаралық алаңдарда өзара қолдау көрсету үшін жақсы негіз және алғышарт болып табылатынын атап өтті.

Тараптар өзара ынтымақтастықтың әлеуеті әлі де толық пайдаланылмағанымен келісті. Осы орайда сауда, көлік-логистика, тау-кен мен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларын қоса алғанда, кең ауқымдағы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мен тереңдетудің маңыздылығы атап өтілді. Бұдан бөлек тараптар екі мемлекетті байланыстыратын ерекше «достық көпіріне» айналған Моңғолияны мекендейтін қазақтардың екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Кездесу барысында Ғ. Қойшыбаев 2022 жылғы 5 маусымда өткізілген Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның негізгі қорытындылары туралы айтып берді. Өз кезегінде У. Хүрэлсүх қазақстандық қоғамда орын алып отырған демократиялық өзгерістерді, оның ішінде елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны қолдайтынын жеткізді.

Жылылық пен достық атмосферасында өткен кездесудің соңында Моңғолия Президенті қазақстандық дипломатқа екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мүддесі жолында жемісті жұмыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы