Қазақстан елшісі Корея Республикасының жоғарғы дипломатиялық орденімен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы бұрынғы елшісі Бақыт Дүйсенбаевты Корея Республикасы Президентінің I дәрежелі «Дипломатиялық еңбегі үшін» орденімен (ред. - Кванхва ордені) марапаттау рәсімі өтті.
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Чжо Тэ Ик орденді табыстай отырып, Бақыт Дүйсенбаевқа Астана мен Сеул арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Қазақстандық дипломат Корея Республикасының Президенті мен Үкіметіне марапат үшін өз алғысын білдірді.
Бақыт Дүйсенбаев 2018 жылдан 2023 жылға дейін ҚР Корея Республикасындағы елшісі қызметін атқарды. Ол Кванхва орденін алған Корея Республикасындағы алғашқы қазақстандық елші.
Айта кетейік, «Дипломатиялық еңбегі үшін» ордені – Корея Республикасы мен шет мемлекет арасындағы достықты кеңейтуге және нығайтуға қосқан үлесі үшін берілетін Корея Республикасының мемлекеттік наградасы. Орден алты сыныптан тұрады және Корея Республикасы Президентінің жоғары дәрежелі шетелдік дипломаттарға берілетін ең жоғарғы марапат.