Қазақстанның Эфиопия мен Кениядағы елшісі, Африка одағындағы ҚР Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Эфиопия Президенті Тайе Атске-Селассиемен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге бағытталған жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды.

Президенті Тайе Атске-Селассие Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін және Астана халықаралық форумын өткізу жөніндегі бастамаларын жоғары бағалап, Эфиопия өкілдерінің осы маңызды іс-шараларға қатысатынын растады.
Эфиопия басшысы әлемдегі күрделі геосаяси жағдай кезінде бірлік пен келісімге қол жеткізудің маңыздылығын атап өтіп, мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты ілгерілетуде және жаһандық қоғамдастық алдында тұрған сын-қатерлерге шешім табуда Қазақстанның маңызды үлесін ерекше атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға, сондай-ақ бейбітшілік, тұрақтылық және орнықты дамуды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды сәтті іске асыруға сенімділік білдірді.