Қазақстан экспортының 60 пайыздан астамы мұнай, уран және мыс секілді шикізатқа тиесілі. Дегенмен ет пен ұнға да сыртқы нарықта тұрақты сұраныс бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстан экспортының негізгі бөлігін әлі де шикізат өнімдері. Сауда және интеграция министрлігінің BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабына сәйкес, 2024 жылы экспорт құрылымында ең көп сұранысқа ие тауарлар қатарында мұнай, уран, мыс, сондай-ақ ұн, ет және терең өңделген өнімдер бар.
Министрліктің дерегінше, биылғы жылдың қорытындысы бойынша экспорт көлемі 81,6 млрд долларынан асты. Бұл көрсеткіштің 52,5%-ы – шикі мұнайға (42,9 млрд доллар), 5,6%-ы – уранға (4,6 млрд доллар), ал 5,1%-ы – катодты мысқа (4,1 млрд доллар) тиесілі.
Қазақстанның табиғи ресурстық әлеуеті, Қытай, Еуроодақ пен Орталық Азия сынды ірі нарықтарға географиялық жақындығы және әлемде стратегиялық шикізат тапшылығының артуы – осы бағыттардың басты артықшылығы, – деп көрсетті ведомство жауабында.
Сонымен қатар, экспортқа мыс кендері, ферроқорытпалар, табиғи газ, бидай, ұн, мал шаруашылығы өнімдері және ұшақтар мен полимерлер сияқты жоғары қосылған құнды тауарлар да шығарылады.
Агроөнеркәсіп өніміне сұраныс жоғары
Мұнай-металлдан бөлек, ұн, бидай, ет сияқты агроөнімдерге де шетелден тұрақты сұраныс бар. Бұл – өнімнің сапасы, бәсекеге қабілетті бағасы және логистикалық қолайлылықпен байланысты.
Аталған тауарлар әсіресе Өзбекстан, Қытай мен Ауғанстан нарығында жоғары бағаланады, – дейді министрлік өкілдері.
Экономикаға нақты пайдасы қандай?
Экспорттық бағыттағы салалар ЖІӨ-нің негізгі бөлігін және еңбек нарығыны қалыптастырады.
Сауда балансының оң сальдосы – 21,8 млрд долларға жетті. Ішкі қайта өңдеу үлесі өсіп, дайын өнім импортынан тәуелділік төмендеп келеді, - делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 141,4 млрд долларға дейін жеткізгенін жазған едік. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан. Сауда және интеграция министрлігінің берген ресми мәліметіне сүйенсек, елдің негізгі сауда серіктестері – Қытай, Ресей және Италия.
Қазақстан экспорты алдағы жылы 5–6 пайызға артуы мүмкін. Алайда экономист Сапарбай Жобаев геосаяси факторлар мен көрші елдермен қатынастар экспорттық серпінді баяулатуы мүмкін екенін айтады.