Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар елімізге құйылған инвестициялар, экономикалық өсімнің баяулау себептері және алдағы даму бағыттары туралы BAQ.KZ тілшісіне экслюзив сұхбат берді.
Қазақстан 2025 жылы 6,5% экономикалық өсімге қол жеткізді. Бұл көрсеткіш қаншалықты сапалы өсім болды және 2026 жылы өсімнің 4,8%-ға дейін баяулауына қандай негізгі ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп отыр?
Қазақстан Үкіметін өткен жылғы жоғары нәтижемен құттықтаймыз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дегенмен биыл өсім 4,8%-ға дейін баяулауы мүмкін. Бұл ең алдымен Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты күшейген белгісіздік пен жаһандық саудадағы тұрақсыздыққа байланысты. Соған қарамастан, Қазақстан экономикасы төзімділігін сақтайды. Бұл тұрақтылық бірнеше факторға негізделген. Біріншіден, Қазақстан – тек энергия экспорттаушы ел ғана емес, жеткізу бағыттары әртараптандырылған мемлекет. Екіншіден, ел бұл кезеңге мықты позициядан кіріп отыр. Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтері жинақталған, қаржы секторы тұрақты. Осы факторлар қазіргі белгісіздік кезеңінде экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал мен жаһандық нарықтардағы өзгерістер Қазақстан экономикасына нақты қандай арналар арқылы әсер етуі мүмкін?
Қазақстан әлемдік экономикамен тығыз байланысты. Қысқа мерзімде әсері шектеулі болады деп күтіледі. Бірақ ұзаққа созылған үзілістер жеткізу тізбектеріне ықпал етуі мүмкін. Бұл импортқа әсер етеді немесе сыртқы нарықтардағы баяулау Қазақстан экспортына сұранысты төмендетуі ықтимал. Дегенмен бұл көбіне екінші немесе үшінші деңгейдегі жанама әсерлер.
– Экономиканың құрылымы тұрғысынан алғанда, алдағы кезеңде қандай салалар негізгі драйверге айналады? Мұнай секторының рөлі өзгере ме?
Өткен жылы өсімге тау-кен секторы үлкен үлес қосты. Алайда мұнай өндірісі шекті деңгейге жақындады, сондықтан бұл сектордан қосымша серпін әлсіреуі мүмкін. Оның орнына өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және инфрақұрылымға бағытталған инвестициялар есебінен құрылыс секторы негізгі қозғаушы күшке айналады.
– Инфляция мен ақша-несие саясатына келсек, қазіргі саясаттың тиімділігі мен алдағы тәуекелдер қандай?
2025 жылы инфляция өсті, бірақ алдағы кезеңде төмендейді деп күтіледі. 2027 жылға қарай ол 10%-дан төмен болуы мүмкін. Бұл жерде Қазақстан Ұлттық Банкі жүргізіп отырған саясат маңызды рөл атқарады. Орталық банк деректерге негізделген саясат ұстанып отыр және бұл – дұрыс тәсіл. Алдағы саясат жаңа деректерге және сыртқы факторларға байланысты қалыптасады. Инфляциялық күтулердің тұрақтанып кетпеуі үшін тиімді коммуникация өте маңызды.
– Инвестициялық ахуалды жақсарту және шетелдік капитал тарту үшін қандай жүйелі өзгерістер қажет деп санайсыз?
Біз Үкіметпен бірге өңірлік инвестициялық тартымдылық индексін әзірлеп жатырмыз. Бұл әр өңірдегі мәселелерді нақты анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, тікелей шетелдік инвестиция тартуда ең маңызды фактор – тұрақты әрі болжамды макроэкономикалық орта. Инфляцияны бақылау және түсінікті саясат жүргізу бизнес үшін сенімділік қалыптастырады.
Сарапшының айтуынша, жаһандық белгісіздікке қарамастан, Қазақстан экономикасы өзінің тұрақтылығын сақтап отыр. Ал алдағы кезеңде экономиканың өсу құрылымы өзгеріп, жаңа салалар негізгі драйверге айналуы мүмкін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Тағы оқи отырыңыздар:
Мұнайдан бөлек өмір бар: Азия даму банкі Қазақстан экономикасына болжам жасады