2027 жылы республикалық бюджет кірісі 25,4 трлн теңге, шығысы 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3%-ын құрайды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Құрылтайдың жалпы отырысында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, заң жобасы Бюджет кодексіне және 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес әзірленген. Құжатты дайындау кезінде елдегі ағымдағы экономикалық жағдай, бюджеттік және макроэкономикалық тәуекелдер ескерілген.
Негізгі мақсат – экономикалық өсімді ынталандыру, қаржылық тәртіпті сақтау және мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету.
Бұл бюджеттің негізгі элементі – адамға және адам игілігіне бағытталған инвестициялар, – деді Мәди Такиев.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары арқылы бизнесті және отандық өндірушілерді қолдауға басымдық берілмек.
Қаржы министрі 2027 жылға арналған бюджеттің негізгі көрсеткіштерін атады.
Атап айтқанда:
– бюджет кірістері – 25,4 трлн теңге;
– бюджет шығыстары – 30,2 трлн теңге;
– бюджет тапшылығы – 4,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,3%-ы.
Сонымен бірге алдағы жылдары бюджет тапшылығын біртіндеп төмендету көзделіп отыр. 2029 жылға қарай оның көлемі жалпы ішкі өнімнің 0,4%-ына дейін қысқарады деп жоспарланған.
Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекеттің меншікті кіріс базасы да нығая түседі. 2029 жылға қарай бюджет кірістері 23,4 трлн теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр.