Қазақстан БҰҰ-ның Найробидегі Кеңсесімен өзара іс-қимылды жандандырады

10 Желтоқсан 2023, 03:15
588
Бөлісу:
Қазақстан БҰҰ-ның Найробидегі Кеңсесімен өзара іс-қимылды жандандырады
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

БҰҰ-ның Найробидегі (Кения) бөлімшесінің штаб-пәтерінде Қазақстанның Кениядағы Елшісі Барлыбай Садықов БҰҰ Бас Хатшысының Орынбасары, БҰҰ-ның Найробидегі (UNON) бөлімшесінің Бас директоры Зайнаб Хава Бангура ханымға БҰҰ-ның Найробидегі бөлімшесі жанындағы ҚР Тұрақты Өкілі болып тағайындалғаны туралы өкілеттік сертификатын табыс етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Елші 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу бойынша БҰҰ күн тәртібін іске асыру жөніндегі Қазақстан қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Қазақстанның Алматы қаласындағы БҰҰ кеңсесін Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін тұрақты даму жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы ретінде қайта ұйымдастыру бастамасы бойынша пікір алмасты.

Тараптар Қазақстанда 2026 жылы БҰҰ қамқорлығымен экология бойынша Өңірлік Саммит өткізу жөніндегі ҚР ұсынысын талқылады.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары З. Бангура Қазақстанның халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға қосқан зор үлесін атап өтті. Ол ТДМ іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге, жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Б.Садықов БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы (UNEP) басшысының міндетін атқарушы Джиан Льюмен және БҰҰ басқарушы ұйымдарының бөлім бастығы Ульф Бьорнхолммен кездесті. ҚР Тұрақты өкілі ҚР Президентінің UNEP Бас директоры И. Андерсеннің атына жолданған 2024 жылғы маусымда Астана Халықаралық Форумына қатысуға шақыру хатын тапсырды. Ол Қазақстанның ШЫҰ-ның төрағасы ретінде БҰҰ-ның Найробидегі Климат жөніндегі Бас Ассамблеясына (UNEA-6) алғаш рет қатысу жоспарлары туралы еске салды.

БҰҰ-мен өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде UNEP-пен климаттың өзгеруіне бейімделу және оған қарсы күрес саласындағы зерттеу ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұрақты Өкілі Найробиде орналасқан Халықты орналастыру жөніндегі БҰҰ бағдарламасының (UN-Habitat) Хатшылығында UN-Habitat атқарушы директорының орынбасары Майкл Млинармен кездесу өткізді. Кездесу барысында Б.Садықов Қазақстандағы қалалардың даму жай-күйі туралы хабардар етті, жергілікті тұрғындар үшін қалалық қоғамдық инфрақұрылымның жайлылығы мен экологиялық тазалығын қамтамасыз ету үшін елді мекендерді тұрақты урбанизациялау және сапалы жоспарлау саласындағы БҰҰ-мен өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын атап өтті. Елімізде қала құрылысының инклюзивтілігін, тұрақтылығы мен экологиялық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ-ның осы құрылымымен ынтымақтастықты жандандыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар өзара мүдделілік білдіретін БҰҰ күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тығыз өзара іс-қимыл жасауға келісті.

Өзгелердің жаңалығы