Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазақстанға жалған өнімдер әкелініп, базарларда ашық сатылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Colgate тіс пастасының қолдан жасалған түрлері анықталған. Сырт келбеті түпнұсқаға ұқсаса да, қаптамасы мен таңбалауында сәйкессіздік болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы мен Шымкент базарларынан Bonduelle брендімен сатылған контрафакт консервілер табылған. Бұдан бөлек, құрылыс материалдары, алкоголь өнімдері және құрғақ ашытқылар арасында да жалған тауарлар кездескен.
Депутаттың сөзінше, бұл өнімдер құжатсыз, міндетті таңбалаусыз және санитарлық қорытындысыз сатылған, яғни азаматтардың денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
2025 жылы тәркіленген контрафакт көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Алайда бұл нақты көлеңкелі айналымды толық көрсетпейді.
Жайымбетов контрафакт тауарлар елге «сұр» жолдармен, әсіресе Ресей мен Қытай шекарасы арқылы, оның ішінде «Қорғас» бағытымен кіретінін айтты.
Осыған байланысты депутат вице-премьер – ұлттық экономика министріне:
• соңғы 5 жылды қамтитын зерттеу жүргізуді,
• тауардың түпнұсқалығын тексеретін мемлекеттік платформа жасауды,
• кей тауарларды тек ресми дистрибьюторлар арқылы сатуды,
• контрафакт үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.