Қазақстан басқа елдердің экономикасына қанша қаражат инвестиция құйды?

22 Желтоқсан 2021, 11:37
1582
Бөлісу:
Қазақстан басқа елдердің экономикасына қанша қаражат инвестиция құйды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы макроэкономикада мәлімделген табыс қарапайым қазақстандықтардың, шағын және орта бизнестің нақты жағдайын, сондай-ақ елдегі және әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделілігін көрсетпейді деп санайды.

Депутат Айқын Қоңыров Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов пен Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаевқа осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады.

Біз индустриялық-инновациялық дамуға арналған шығыстар жоспарлы түрде қысқарып жатқанын көріп отырмыз. Экономиканың нақты секторы арзан және ұзақ айналым қаражатына қол жеткізудің күрделі проблемасын бастан кешіріп жатыр. Елде инфрақұрылымды, экономиканы дамытуға қаржы жетіспейді. Салдарынан сырттан қарыз тарту, шетелден тұрақты түрде инвестор іздеу қажеттігі туындайды. Осының барлығы қазақстандықтардың басым бөлігінің әл-ауқатына кері  әсерін тигізеді. Қазақстанда отбасылық бюджеттің орташа тапшылығы 35%-ға жетеді. Азаматтар тапшылықты тұтынушылық несие мен банктерден және микроқаржы ұйымдарынан алатын қарыз есебінен жабуға мәжбүр, - деді депутат.

Оның келтірген мәліметіне сәйкес 2021 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, халыққа берілген кредиттің жалпы көлемінің 9 трлн 600 млрд теңгесі немесе 58,1%-ы тұтынушылық кредит.

Ел ішіндегі қорландыру көзінің тапшылығына қарамастан, ұлттық компаниялардың басқа елдердің экономикасына инвестиция салуы немесе қаржыны шет елге орналастыруы алаңдаушылық туғызады. Мысал ретінде «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «QazTech Ventures» АҚ-ның стартаптарды дамыту үшін сингапурлық венчурлік қорлардың біріне 10 млн доллар көлемінде  салым салғанын келтіруге болады. Азаматтардың 250 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі зейнетақы қаражатын Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына мәжбүрлі түрде айырбастай отырып, Әзербайжан халықаралық банкінің облигацияларына тәуекелмен инвестициялау тарихы әлі ұмытылған жоқ, - дейді Айқын Қоңыров.

Ол атап өткендей, БЖЗҚ инвестициялар портфелі соңғы уақытта шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарына көп салым салды: 
Мексика – 10,6 млрд теңге
Катар – 18,3 млрд теңге
Колумбия – 6,4 млрд теңге
Кувейт – 4,7 млрд теңге
Сауд Арабиясы – 31,5 млрд теңге
Марокко — 13,6 млрд теңге

Бұдан басқа, АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарын нетто-сатып алу (таза сатып алу – 382,9 млрд) көлемі – 245,4 млрд, Индонезиядан сатып алу көлемі – 18,5 млрд, Филиппиннен сатып алу көлемі – 3,5 млрд теңгені құрады.

Бұл ретте кірістіліктің төмен болғанына назар аудару керек. Америкалық мемлекеттік қарызға инвестиция – 0,05%-ды, қалған елдер бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме жылдық – 3,3%-ды құрады. Шетелдік жобаларға салынған инвестициялардың ашықтығы мен нәтижесін талдау, олардың тиімділігі, теріс салдарға әкеп соқтырған шешім қабылдаған тұлғалардың жауапкершілігі туралы ақпарат жоқ екенін ерекше атап өтеміз, - деп толықтырды Мәжіліс депутаты.

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясы бұл қаражат ел ішінде әлдеқайда көп пайда әкеледі, сыртқы қарыз деңгейінің төмендеуіне, жергілікті стартаптардың және басқа да қажетті жобалардың дамуына ықпал етеді деп санайды.

Баяндалғанды ескере отырып, біздің ұлттық компанияларымыз соңғы 10 жылда шетелде қандай активтерге иелік еткені, инвестор компанияны, инвестицияланатын жобалардың мәнін, олардың кірістілігін немесе залалын, қайтару мерзімі мен шарттарын көрсете отырып, басқа елдердің экономикасына қанша қаражат инвестицияланғаны туралы мәлімет ұсынуды сұраймыз, - деп қорытындылады депутат өз сауалын.

 

Өзгелердің жаңалығы