Қазақстан өңірдегі негізгі астық жеткізушілерінің бірі ретіндегі ұстанымын сақтап, экспорттық әлеуетін арттырып, жеткізу географиясын кеңейтіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін елден 5,8 млн тонна астық экспортталған. Бұл өткен маркетингтік жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық. Ол кезде экспорт көлемі 4,8 млн тоннаны құраған.
Экспорт өсімінің негізгі бөлігі Орталық және Оңтүстік Азияның дәстүрлі нарықтарына тиесілі. Атап айтқанда, Өзбекстанға астық жеткізу 49%-ға артып, 1 813 мың тоннадан 2 702 мың тоннаға жетті.
Қырғызстанға экспорт көлемі 1,7 есеге өсіп, 95 мың тоннадан 163 мың тоннаға дейін артты. Ал Ауғанстанға жеткізілім 1,9 есеге ұлғайып, 216 мың тоннадан 416 мың тоннаға жетті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 2025 жылды өсімдік шаруашылығында рекордтық көрсеткішпен аяқтағанын және еліміздің агроөнеркәсіп өнімдері 70 елге экспортталатынын жазған едік.