Қазақстан Әзірбайжанға 1 млн тоннадан астам бидай жеткізуге дайын

27 Шілде 2024, 09:34
334
Бөлісу:
Қазақстан Әзірбайжанға 1 млн тоннадан астам бидай жеткізуге дайын

Бакуде Қазақстан мен Әзірбайжанның ондаған ірі компанияларын басын қосқан ауыл шаруашылығы форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған қатысқан Азық-түлік келісімшарт корпорациясының Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев компанияның қызметі және оның астық терминалдарының мүмкіндіктері туралы айтып берді. Ол сондай-ақ Әзірбайжанға ірі көлемде бидай жеткізуге дайын екенін атап өтті.

Дәнді дақылдар мен жүгеріні қабылдап-тиеу және сақтау «Ақ Бидай-Терминал» АҚ арқылы жүзеге асырылады. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК жалғыз акционері болып табылатын компания Қазақстанда, Әзірбайжанда және Иранда астық терминалдары жүйесін басқарады. Бұл Ақтау портындағы терминалдың өзі (Қазақстан), Баку астық терминалы (Әзірбайжан) және Амирабад Грейн Киш терминалы (Иран).

Асылхан Джувашев астықты сақтау мен өткізудің табысты жұмыс істейтін жүйесі Әзірбайжанға астық жеткізілімін тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Атап айтқанда, Говсана портында орналасқан Баку астық терминалының астықты қабылдау, тиеу бойынша өндірістік қуаты жылына 600 мың тоннаға жуық, ал диірмен кешені жыл сайын 50 мың тоннаға дейін өнімді қайта өңдеуге қабілетті. Терминал тәулік бойы жұмыс істейді және қызметтердің жоғары сапасына кепілдік беретін технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған.

Кезінде Қазақстан Әзірбайжанға 1 млн тоннадан астам астық жөнелтіп келген. Қазіргі уақытта біз Әзербайжан нарығында қазақстандық бидаймен бәсекеге қабілетті болу үшін бұрынғы позицияларды қайтару тетіктерін пысықтап жатырмыз, — деп сөзін қорытындылады Азық-түлік корпорациясының басшысы.

Өзгелердің жаңалығы