Жамбыл облысының тұрғыны 34 жылдан бері отбасылы екенін кездейсоқ білген. Ол некені жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол арызда 1991 жылы жауапкермен отбасын құру ниетімен бірге тұрғанын, алайда төрт айдан кейін екеуі айырылысқанын көрсеткен.
Тараптар некені тіркеу үшін АХАТ (РАГС) органдарына жүгінбеген, ешқандай құжаттарға қол қоймаған және неке туралы куәлік алмаған.
2025 жылы ер адам банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен 1991 жылы өз атына неке тіркелгені туралы ақпаратты білген.
Құжаттарды қолдан жасау белгілері бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу болжамды құқықбұзушылық 1991 жылға қатысты болғандықтан, ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Іс материалдарын зерттеу барысында азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында шынымен де неке тіркелгені туралы жазба бар екені анықталған, алайда ондағы қолтаңбалар талап қоюшы мен жауапкерге емес, үшінші тұлғаға тиесілі болған. 1991 жылға арналған азаматтық хал актілерін тіркеу кітабы сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған, - деп жазылған Жамбыл облысы сотының хабарламасында.
Сот отырысында талап қоюшының жақын досы әрі көршісі неке тіркеу кезінде қатыспағанын және акт жазбасына қол қоймағанын мәлімдеді. Іске үшінші тұлға ретінде тартылған АХАТ органының өкілі сот отырысына келмеді.
Сот 1991 жылы неке тіркеу заң талаптарын бұза отырып жүргізілген деген қорытындыға келді. Өйткені тараптар некені рәсімдеу кезіне қатыспаған. Ал мұндайға заңнамада жол берілмейді. Сонымен қатар, 1994 жылы жауапкер басқа адаммен заңды некеге тұрған, ал талап қоюшы 2001 жылы басқа азаматшамен некесін тіркегені, балалары бары анықталған. Сондай-ақ, 1991 жылы «неке қиылғаннан» кейін тараптардың отбасылық қатынастарда болғаны дәлелденбеген. Сот 1991 жылғы акт жазбасында көрсетілген некені жарамсыз деп таныды, - делінген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енді.