Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тәртібі қандай екендігі белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Еліміздің азаматтығын алу жеңілдетілген және жалпы тәртіпте жүзеге асады.
Жеңілдетілген тәртіпте азаматтық алу құқығына келесі санаттағы тұлғалар ие:
- ҚР азаматымен некеде тұрған шетелдіктер;
- ҚР аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар (оралмандар);
- ҚР жоғары оқу орындарында білім алып жатқан этникалық қазақтар;
- Халықаралық келісімдер негізінде Ресей, Беларусь және Қырғызстан азаматтары.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді жалпы тәртіпте азаматтық алатын тұлғалар мемлекеттік тілді (қазақ тілін) қарапайым деңгейде білуімен қатар, ҚР Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын білуін растайтын сертификат ұсынуы қажет.
Ал, жалпы тәртіпте Қазақстан азаматтығын алу үшін шетел азаматтары келесі шарттардың бірін орындауға тиіс:
- Қазақстан аумағында кемінде 5 жыл тұрақты тұруы қажет;
- Немесе Қазақстан азаматы болған жұбайымен кемінде 3 жыл некеде тұруы тиіс.
Қажетті құжаттар тізімін Көші-қон қызметі бөліністерінен алуға болады.