Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы азаматтар референдумға белсене қатысып жатыр. Оны әлеуметтік желідегі бақылаушылар есебінен көруге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық референдум комиссиясының таңғы уақыттағы дерегіне сәйкес, Қарағанды облысы 26,64 пайыз көрсеткішпен ең белсенді өңірлердің қатарынан көрінді. Адамдардың ерекше ағыны Теміртау қаласындағы №307 сайлау учаскесінен байқалды.
Павлодар облысында да тұрғындар референдумға белсенді қатысып жатыр. Павлодар қаласындағы №476 референдум учаскесінде таңғы сағаттардан бастап халық көптеп келіп, дауыс беру ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Учаскеге келген тұрғындар кезекпен тіркеліп, бюллетеньдерін алып, өз таңдауын жасауда.
Маңғыстау облысында да тұрғындардың белсенділігі байқалады. Әсіресе Қарақия ауданында сайлаушылар таңғы уақыттан бастап учаскелерге келіп, референдумға қатысып жатыр. Жергілікті тұрғындар азаматтық ұстанымын білдіріп, дауыс беру процесіне белсенді араласуда.
Ал Түркістан облысында да референдум учаскелерінде адам қарасы көп. Бақылаушылардың айтуынша, өңірдің бірқатар елді мекендерінде тұрғындар таңертеңнен бастап дауыс беруге келіп, референдумға белсенді қатысып жатыр.
Осылайша еліміздің әр өңірінде азаматтар референдумға қатысып, өз таңдауын жасауға келуде. Дауыс беру учаскелерінде процесс заң талаптарына сай, ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.