Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен Қазақстан ауыр атлетика федерациясының есеп беру конференциясы өтті.Іс-шара барысында федерацияның алдағы кезеңдегі жоспарлары мен даму стратегиялары талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мадина Астамирова федерацияның атқарған жұмысы туралы есеп беріп, саладағы бірқатар маңызды жетістіктерін атап өтті.
Ол еліміздің ауыр атлетика саласында халықаралық аренада қол жеткізілген жеңістері мен спортшылардың дайындығы туралы айтып, спорт инфрақұрылымының жақсаруына бағытталған бастамаларын да тілге тиек етті.
Жиында Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация президенттігіне Гаджи Гаджиевтің кандидатурасын ұсынды.
Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылары мен спорт қауымдастығы Г.Гаджиевтің кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Министр Ербол Мырзабосынов ауыр атлетика федерациясын он жылға жуық басқарған Жанат Түсіпбековке жемісті қызметі үшін алғыс білдіріп, жаңа басшы Гаджи Гаджиевке сәттілік тіледі.
Ауыр атлетика халық арасында кеңінен танымал. Өйткені қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы жетістіктері ел ішінде спорттың осы түріне деген қызығушылықты арттыруда және дамытуда маңызды рөл атқарады. Құраманың халықаралық ареналардағы жетістіктері спортшыларымыздың жоғары әлеуетін және елімізде спорттың осы түрінің тұрақты дамуын көрсетеді. Осы орайда, Жанат Түсіпбековке Туризм және спорт министрлігі атынан елімізде ауыр атлетиканың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін. Ауыр атлетика федерациясын басқарған он жылдан астам уақытта біздің спортшылар талай жетістіктерге қол жеткізді. Сондай-ақ федерацияның президенті болып сайланған Гаджи Гаджиевтің алдағы жұмысына сәттілік тілеймін. Ауыр атлетика бұрынғы биігіне қайта шығаратынына, спортшыларды жан-жақты қолдау дәстүрі жалғасатынына сенімдімін және бірлескен күш-жігермен жаңа биіктерге жетеміз, – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.